Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сонымен кезекті оқу жылы да аяқталды. Биылғы оқу жылы жаңалығы көп­ кезең ретінде тарихта қалғаны рас. Әуелі жылдағы дәстүр бұзы­лып, мектептегі оқу алғаш рет 31 мамырға дейін созылып, соңғы қоңырау 1 маусымда соғылды. Осы бір жаңашылдық қоғамда қызу талқыланғанын да еске сала кетейік. Қалай десек те, отандық білім саласы аталған жаңашылдық арқылы жаңа кезеңге қадам басқандай әсер қалдырды.

Қаланың 8 жалпы білім беретін мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиындар өтті. Биыл Саран шаһарында 11 сыныпты - 138, ал 9 сыныпты - 486 түлек бітірді, оның ішінде 6 оқушы «Алтын белгіге», 9 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Қорытынды аттестаттауды тапсыру 2 маусым мен 19 маусым аралығында өтеді. Ал 22 маусымда барлық мектептерде аттестаттарды тапсыру бойынша салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Жазғы демалыс кезінде балалармен жұмысты екі негізгі бағыт - оқушыларды сауықтыру және демалу, балалар мен жасөспірімдерді жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бойынша жүргізу жоспарлануда.

Маусым айында тамақтанатын 8 мектеп жанындағы лагерьдің жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда.

Қосымша білім беру мекемелерінің базасында жазғы шығармашылық мектептің 18 үйірмесінің жұмысы ұйымдастырылмақ.

Мектептерде көгалдандыру, абаттандыру бойынша жоғары сынып оқушылары бригадаларының жұмысы ұйымдастырылды.

Жүзу дағдыларын, судағы мінез-құлық ережелерін үйрету үшін мектеп жанындағы лагерьлерге баратын оқушылар үшін маусым айында БЖМОРМ жүзу нұсқаушыларын тарта отырып, бассейнде сабақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектеп жанындағы лагерьлерде дене шынықтыру мұғалімдерінің жетекшілігімен балалар жаттығулар жасайтын болады.

Оқу жылының соңында барлық мектептерде оқушылар және олардың ата-аналарының қатысуымен қоғамдық орындарда, жолда, көлікте, су айдындарында жүріс-тұрыс ережелері, заң бұзғаны үшін кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі туралы нұсқаулықтар өткізілген екен.

Қазіргі таңда кемел білім мен ғылымды басты бағдар еткен елімізде, әр азаматтың білім алып, қалыптасуына қажетті барлық жағдай жасалған.

Соның нақты көрінісі, бүгінде қала мектептерінің материалдық -техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстардың жасалуы.

Сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың және аялап өсірген ата-аналарының үмітін ақтап, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне жас түлектердің қосар үлесі зор.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор