Әкелер күні қарсаңында ұлттық спортты ұлықтаған ұл-қыздар Шаһтинск шаһарында бас қосты. Оған себеп - үстіміздегі жылғы маусым айының 1-і мен 7-сі аралығында Шахтинск қаласында өткен 9 бен 13 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасындағы тоғызқұмалақтан облыстық жекелей чемпионаты.
Тартысты жарысқа Қарағанды облысының аудан мен қала мектептерінен келген 160 белді тоғызқұмалақшылары жиналып, өзара «кіл мықтыдан» кім мықтыны анықтады. Өз кезегінде бұл сайыс тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы жекелей Қазақстан Республикасының чемпионатына іріктеу кезеңі болып есептелді. Облыстық чемпионатта топ жарып, үздік атанғандар мен жүлделі орындардан көріне білген тоғызқұмалақшы ұл-қыздарымыз алдағы уақытта республикалық чемпионатта Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады дейді облыстық чемпионатты ұйымдастырушылар.
Аталмыш облыстық чемпионатта Саран қаласының спорт орталығының жаттықтырушысы Ю. Фаликтің жетекшілігімен тоғызқұмалақ бойынша тәлім алып жүрген оқушылары тартысты өткен сайыста намысты қолдан бермеуге тырысып, жүлделі орындарға ілікті.
Мәселен, 9 жас санатытында сайысқан Сезім Ибрахым классикалық сайыста 2 орынды және рапид бойынша да 2 орынды иеленіп, жақсы нәтиже көрсете алды.
«Сайыс өте тартысты өтті. Барлық ойыншылар жақсы деңгейде дайындалып келген. Бұл ойын мені интеллектуалдық жағымнан өте қатты дамытты. Осы спорттың арқасында ой-өрісім тез дами бастады. Сондықтан да осы спорт түрін ұнатамын. Болашағымды тоғызқұмалақпен байланыстырамын», - дейді Сезім Ибрахым.
Ал 13 жас санатында сайысқан Дос Хасан рапидте 3 орынды иеленіп, жүлдегерлер қатарына ілікті.
«Қарсыластар өте мықты болды. Негізі жақсы дайындалып келген едік осы сайысқа. Намысты қолдан бермеуге тырыстым. Нәтижесінде 3 орынды иелендім. Бұл жаман көрсеткіш деп есептемеймін. Ең бастысы облыстық құрама команданың қатарына іліктім. Алдағы уақыттарда республикалық чемпионатта облысымыздың намысын қорғайтын боламын. Бұл мен үшін үлкен жетістік әрі зор мақтаныш», - деп ағынан жарылды Дос Хасан.
Иә, төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойынына соңғы уақытта аса маңыз берілуде. Себебі бұл ойын жоғары интеллектуалды спорт түріне жатады. Адамзат өркениеті мен әр ұлт мәдениетінің қалыптасып, жетілу барысындағы зияткерлік ойындардың орны айрықша. Ғасырлар бойы олар үздіктерді анықтайтын спорттық бәсеке, жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде маңызды феномен болып келеді. Жүйелі, қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда, ыждаһаттық пен табандылықты тәрбиелеуде тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындар ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралы. Тарихы сан мың жылдық тоғызқұмалақ ойыны – қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан жарқын үлесінің бірі. Ұлттық ойын тек Наурыз мерекесінде ғана ұлықталмай, жыл көлемінде насихатталып келеді.
Соның бір дәлелі ретінде Шахтинск шаһарында өткен осы балалар мен жасөспірімдер арасындағы облыстық чемпионат. Сол себепті де ұйымдастырушылар облыстық чемпионатты ұйымдастыруда ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты насихаттауды, сол арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруды, тоғызқұмалақшы жасөспірім ұл-қыздарымыздың спорттық шеберлігін арттыруды, алдағы республикалық чемпионаттарға қатысу үшін Қарағанды облысының құрама командасын жасақтауды, сонымен қатар, тоғызқұмалақ ойыны арқылы жастарды тәрбиелеуді, олардың ой-өрісін дамытып, ұлттық санасын шынықтыруды негізгі мақсаттары етіп алса керек-ті.
Ал облыстық чемпионатта Саран шаһарының намысын абыроймен қорғап, жүлдегер атанған біздің тоғызқұмалақшы балалар республика чемпионатында Қарағанды облысы командасының құрамында ойнайтын болады. Балаларға сәттілік тілей отыра, алдағы сайыстардан тек жеңіспен оралсын дегіміз келеді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ