Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Маусым айының 1-і мен 7-сі аралығында Абай облысында техникалық және кәсіптік білім беру педагогтары арасындағы II Республикалық спартакиада өтті. Спартакиадада 15 облыстан және республикалық маңызы бар 5 қаладан 740 қатысушы бақ сынады. 45 төреші жарысқа қатысушылардың нәтижелері мен жетістіктерін бағалады. Жарыс спорттың 5 түрінен өтті: волейбол (ерлер, әйелдер), баскетбол (ерлер, әйелдер), футбол (ерлер), сондай-ақ тоғызқұмалақ және үстел теннисі.

Бұрын соңды колледж педагогтері арасында мұндай спартакиада болмаған. Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылып қатысушылар тарапынан жақсы қолдау тапты. Биыл бұл шара Абай облысында жалғасын тауып, колледж педагогтері белсенділіктерін көрсетті. Бұл әр өңірдегі колледж педагогтері арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытып, өзара тәжірибе алмасуды көздесе керек-ті.

Басты мақсат – Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарының педагогтері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, педагогикалық қызметкерлерінің бос уақытын ұйымдастыру, дене, психикалық және рухани денсаулығын жақсарту, білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту.

Қатысушылар арасында Астана қаласы, Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Алматы облысы, Атырау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы, Павлодар облысы, Түркістан облысы, Абай облысы, Жетісу облысы бар.

Қарағанды облысы командасының құрамында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі мен Саран техникалық колледжінің мұғалімдері де болды. Олардың қатарында аталмыш колледждің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Қуаныш Рымбеков, Дәулетбай Мұрат, Ардан Баймолдин, Жансерік Монголия, Арман Байхадамов, Жанабай Сапаров, Ирина Ходан, Елена Конкина, Ирина Горшанова, Светлана Якунина, Светлана Николаева, информатика пәнінің мұғалімі Иран Хайруллин, бастауыш әскери дайындық пәнінің мұғалімі Әлішер Манаш, қоғамдық пәндер оқытушысы Алмагүл Сүлейменова, Саран техникалық колледжінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Талғат Гомаров сынды ұстаздар республикалық спартакиада облыс намысын қорғап қайтты.

Аталмыш спартакиада қыздар арасында баскетболдан өткен сайыста Қарағанды облысының командасы 1-ші орынды иеленсе, тоғызқұмалақ бойынша облыстың құрама командасы 2 орынды иеленді. Айта кетсек, Қарағанды облысының 7 адамнан тұрған баскетбол командасының құрамында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің төрт бірдей дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Конкина Елена Александровна, Гаршанова Ирина Роландовна, Якунина Светлана Борисовна және Николаева Светлана Геннадьевналар өнер керсеткен болатын. Тартысты өткен сайыста біздің қара шаңырақ атанып кеткен білім ордасының дене шынықтыру пәнінің ұстаздары намысты қолдан бермеді һәм сәйкесінше осы ұстаздарымыздың аталмыш команда құрамында болуының нәтижесінде Қарағанды облысы баскетболдан 1 орынды қанжығаласа керек-ті деп топшылаймыз. Біріншіден бұл Саран шаһары үшін, екіншіден аталмыш оқу орны Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі үшін де зор мақтаныш һәм жақсы көрсеткіш деп есептейміз. Ұстаздарымызды, атап айтқанда Елена Александровна Ирина Роландовна, Светлана Борисовна мен Светлана Геннадьевнаны жеңістерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс, жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Ал волейболдан облыстық құрама команда 9 орынға, үстел теннисінген 5 орынға жайғасса, футболдан облысымыздың түпкір-түпкірінен жиналған ұстаздар қауымы команда есебіне өкінішке орай еш ұпай әкеле алмады. Нәтижесінде жалпы командалық есепте Қарағанды облысының командасы 6 орынға жайғасты. Ал былтыр Түркістан шаһарында өткен спартакиадада облыстың құрама командасы жалпы командалық есепте жүлделі 2 орынды иеленген болатын. Десекте еліміздің 15 облысынан 740 адам қатысқан республикалық спартакиадада жалпы клмандалық есепте 6 орынды иеленудің өзі жаман көрсеткіш емес деп есептейміз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ