23 маусымда әлем елдерінде мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бұл атаулы күннің тарихы ХХІ ғасырдан бастау алады. 2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған болатын.
Ал 2014 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер күні атап өтіле бастады.
Күні кеше қалалық әкімдіктің конференц-залында аталмыш мереке күніне орай салтанатты шара болып өтті.
Мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеу қарсаңында тиімді жұмыс жасағаны үшін, қызметтік міндеттерін үлгілі орындауы және қызметтік әдеп нормаларын сақтағаны үшін, сондай-ақ Саран қаласы бойынша мемлекеттік қызметтің тыныс-тіршілігіне белсенді қатысқаны үшін Саран қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмас Рымқұлұлы Сүлейменов қала әкімдігінің жас қызметкерлерінің ата-аналарын алғыс хаттармен марапаттады. Бұндай игі шара Саран шаһарында биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған жайы бар.
Салтанатты шара барысында Алмас Рымқұлұлы кәсіби біліктілігі мен іскерлігінің арқасында маңызды саяси реформаларды іске асыру және тиімді басқару құрылымын жасақтауға сүбелі үлес қосып жүрген нағыз ұлтжанды ұл мен қыз тәрбиелеген ата-аналарға алғыс білдірді.
«Сіздерді мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтаймын! Халық пен мемлекетке қызмет ету - жоғары абырой мен үлкен жауапкершілік. Баршаңызды келе жатқан мереке - Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Мемлекеттік қызмет - бұл өз елі мен халқына қызмет ету. Бұл ерекше міндет».
Біз жыл сайын құрметті миссияны атқару үшін мемлекеттік қызметшілер қатарына жастар өкілдерінің көбірек қосылып жатқанына қуаныштымыз», - деді өз сөзінде Алмас Рымқұлұлы.
Атап айтқанда, алғыс хаттар қала әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері Эйхвальд Денис Дмитриевичтің ата анасы Эйхвальд Дмитрий Иванович пен Марина Юрьевнаға, Махметов Ислам Ерұланұлының ата-анасы Махметов Ерұлан Тельманұлы мен Сәуле Әлімбайқызына, Амангелдиева Әйгерім Қайратқызының ата-анасы Амангелдиев Қайрат Әскерұлы мен Дарибаева Гүлжан Тәңірбергенқызына, Ван Руслан Анатольевичтің ата-анасы Ван Светлана Анатольевнаға, Сейдуалиев Әлихан Хамзатұлының ата-анасы Сейдуалиев Хамзат Хамидұлы мен Сыздықова Айгүл Қасенқызына табысталды.
«Осы мереке күні біз Эйхвальд Денис Дмитриевич, Махметов Ислам Ерұланұлы, Амангелдиева Әйгерім Қайратқызы, Ван Руслан Анатольевич, Сейдуалиев Әлихан Хамзатұлы сынды жас мемлекеттік қызметшілер мен қалалық әкімдік қызметкерлерінің құрметті ата-аналарына тамаша тәрбиесі үшін ерекше алғыс айтамыз. Бұл жастарды біздің мемлекеттік қызмет ардагерлерінің ізін лайықты жалғап келе жатқан білікті жас мамандар деп мақтанышпен зор айта аламыз.
Барлық қатысушыларға зор денсаулық, амандық, туған ел халқына қызмет етудің игі ісінде табыс тілеймін. Біздің сүйікті Отанымыз - Қазақстан Республикасы өркендей берсін!», - деп жылы лебізін білдірген Саран қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмас Сүлейменов мемлекеттік қызметшілердің ата-аналарына құрмет көрсетті.
Айта кетелік, мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесі қарсаңында өткізілген аталмыш іс-шара мемлекеттік қызметкерлердің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған болатын.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор