Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

2 шілдеде шаһарымызда даламызды күймен тербеп, әнмен әуелеткен ұлттық аспабымызды ұлықтайтын, қазақы рухымызға тән «Ұлттық Домбыра күні» жоғары деңгейде аталып өтті.

Жексенбіде қалалық мәдениет үйі ғимаратының алдындағы алаңда Саран қаласы білім бөлімінің мұрындық болуымен һәм қалалық балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Дала дастаны - Домбыра» атты концерт өтті.

Домбыра күнін ұлықтаған мерекелік кеште аталмыш балалар өнер мектебінің ұстаздар қауымы мен домбырашылары қазақтың қайталанбас тұлға күйші-композиторларының қазақ өнерінің алтын қорында ұзаққа қалған қанатты туындыларын орындап, қала жұртшылығының рухын бір серпілтіп, концерттік бағдарламаны тамашалауға жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйға тартты.

Мерекелік шараның шымылдығы Саран қаласы балалар өнер мектебінің директоры Мусалиева Толқын Сүйіндікқызының құттықтау сөзімен түрілді:

«Құрметті қала тұрғындары! Бүгінгі Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Ұлттық домбыра күні – рухани жаңғырудың тамаша көрінісі. Домбыра – қазақ халқының жаны, тарихы, салт-дәстүрі. Ол ежелден Ұлы дала төсінде халқымызбен бірге. Бүгінде ұлттық аспабымыз заманауи музыка өнеріне бейімделіп, қазақ өнерінің әлемдік аренада танылуына зор үлес қосуда. «Домбыра қазақ үшін жай музыкалық аспап емес, ол - киелі құндылық.

Әрбір қазақ баласының ұлттық кодымызды жаңғыртуға бағытталған үлкен мерекесі бар екені белгілі. Бұл күннің Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды ата-бабаларымыздан қалған күйшілік өнерді жаңғыртуда алар орны ерекше. Мәртебесі биік домбырамыз - әр шаңырақтың төрінде болып, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты ұялата берсін!», - деді өз құттықтау сөзінде Толқны Сүйіндікқызы.

Ұлттық мәдениетіміздің төресі домбыра тек Сораңды жұртшылығына ғана емес, сонымен қатар түгел арқа жерінің халқына ыстық. Тарихы тереңде жатқан, қилы замандарды еңсерген сарыарқаның сайын даласы ұлы оқиғалардың куәгері.

Концерттік бағдарламаның ашылу салтанатында сонымен қатар, Саран қаласы Аналар кеңсінің төрайымы Жүсіпбекова Гүлжан Жүсіпбекқызы қала тұрғындарын Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаевқа, білім бөлімі мен балалар өнер мектебінің ұжымына осындай тағылымы мол игі шара ұйымдастырып жатқандықтарына зор алғысын білдірді:

«Ұлттық домбыра күнін мерекелеудің астарында терең тарихи тағылым, елдік мүдде, ұлттық рух жатыр. Бұл мереке барша қазақстанның төл мерекесіне айнады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, қолына домбыра ұстап, ұлттық аспапты ұлықтап жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз. Бүгінгі шарада өнерін көрсеткен қала өнерпаздарына халық атынан алғысымды білдіремін», - деді Гүлжан Жүсіпбекқызы.

Иә, Ұлттық домбыра күні – рухани жаңғырудың бір парасы. елімізде шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде белгіленіп, осылайша барша қазақстандықтарға ұлттық мерекені тойлауға пәрмен берілген-тін. Содан бері мерейлі мереке барлық сән-салтанатымен жоғары деңгейде аталып келе жатқан жайы бар. Дүбірлі думан сораңды жерінде де ерекше нақышта өрбіді.

Демалыс күні шаһардың орталығында серуендеп жүрген тұрғындар ұлттық аспаптың үнін есіп, қалалық мәдениет үйі ғимаратының алдындағы алаңға бет бұрды. Қалалық балалар өнер мектебінің ұстаздары мен домбырашы шәкірттері шалқытқан әуен шартарапқа тарап, тыңдармандарын тарта білді. Домбыра үніне ансанбльдың дыбысы қосылғанда тыңдармандардың демі іштен тынып, әуен ырғағына елтіп, ұйып тыңдады. Халық күйі «Көксерек», Түркіменнің халық күйі «Нәр ағашы», Шалмырзаның күйі «Мереке», Енсеповтың «Әке толғауы», Желдібаевтың «Ерке сылқым», Ахмедияровтың «Той», Жайымовтың «Шаттанамын», «Көне Тараз», «Тепен көк» және тағы да басқа күйлер көкке қалықтап Ақан серінің «Балхадиша», Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әндері әуелете шырқалды.

Күйдің кереметтілігі көз алдыңда жүйріктің шабысы, аққудың қанат қағысы, шашбаудың сылдыры, өзеннің гүрілі елес береді. Бұл базынадан баяндайтын халық тарихы іспетті. Бірде көңіл көтеріп, бірде мұңға батырады. Осындай кеш сыйлаған өнер ұжымына халық та ризашылығын білдіріп жатты:

«Бүгін балаларымды қыдыртып, қаланың орталығына келгенмін. Біздің жолымыз болған екен, балаларым күй тыңдап, рухани азық алдық. Ұлттық құндылықты ұлықтаушыларға ризашылық білдіремін», – деді бір қала тұрғыны.

Ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, Домбыра күнімен құттықтағандар қатарында Саран қалалық балалар өнер мектебінің қазақ халық бөлімінің түлегі, халықаралық, республикалық және облыстық конкурстардың лауреаты Кристина Осуховская бар:

«Құрметті қазақстандықтар! Бүгін біз домбыра күнін атап өтіп жатырмыз! Әр халықтың, әр ұлттың сүйікті аспаптары бар. Ұлы дала үшін осындай ежелгі құрал, барлық ұлттарды біріктіретін құрал-біздің домбырамыз. Ежелден қуаныш пен қайғы, салтанат пен той сәттерінде ол бізбенен бірге. Біздің мәдени құндылықтарымыз, дәстүрлеріміз, батырлық ертегілеріміз ұрпақтан-ұрпаққа күй әуендері мен ішекті дыбыстар арқылы беріледі. Біздің ақын-күйшілеріміздің туындылары адамдарды шығармашылық пен жасампаздыққа шабыттандырсын, жылулық пен қуаныш сыйласын! Мен қазақстандық мәдениеттің бір бөлігі болғаныма, күн сайын құдіретті аспаптың дыбыстарынан ләззат алатыныма қуаныштымын! Ұлттық домбыра күні құтты болсын!», - Кристина.

Айта өтуіміз керек, Ұлттық домбыра күні елімізде осымен алтыншы жыл қатарынан тойланып отыр. Ал осы жылы мәдениет үйінің алдындағы алаңда ұйымдастырылған ұлттық шараға өнерпаздар өз еркімен, жүрек қалауымен келген. Тынымсыз тіршіліктен бірауық ұлттық өнерге бет бұрған жерлестер ұлттық рух атойлаған сәтте жеке мүддеге орын жоқ екенін айтты.

 

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА