Саран қаласы бойынша бүгінгі таңда жалпы саны 129 «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері бар. Өткен аптада олардың қатары тағы да толықты.
5 шілдеде Саран қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмас Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 243 Жарлығымен көпбалалы ана Голубятникова Валентина Федоровнаны «Күміс алқа» төс белгісімен марапаттады.
Валентина Голубятникова 6 баланы тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана, оның отбасы Саран шаһарында тұрады, жұбайы Игорь Голубятников тілдер бойынша аудармашы болып жұмыс жасайды, мектеп жасындағы үш баласы қаладағы жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Ал Валентина Голубятникованың өзі еш жерде жұмыс жасамайды, үй шаруасындағы ана.
Әкімдік ғимаратының конференц-залында өткен салтанатты шарада алтын құрсақты ана алдында сөз алған қала басшысының міндетін атқарушы Алмас Рымқұлұлы Валентина Федоровнаны құттықтап, оған «Күміс алқа» төс белгісін табыс етті.
«Мемлекет отбасы институтын дамыту жолында жұмыстар істеуде, барынша қолдау танытуда. Нәзік жандылар үйдің де, түздің де шаруасын қатар алып жүріп, қаламыздың дамуына өзіндік үлестерін қосып кележатқаны баршаға мәлім. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген көп балалы аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілігіне әр беріп келеді. Біздің халық әрқашан отбасы құндылығын жоғары қойған. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіз. Сізге және отбасыларыңыздың отағасы Игорь Алексеевичтің еңбегіне табыс, қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік пен бақыт тілеймін. Марапатыңыз құтты болсын», – деді өз құттықтау сөзінде Алмас Рымқұлұлы.
Іс-шара барысында ақ жарма тілектер айтылып, көпбалалы ана Валентина Федоровна мен оның жары Игорь Алексеевич мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа зор алғыстарын айтты.
Еске салайық, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» 1993 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлығымен бекітілген болатын. Содан бері «Алтын алқа» наградасы жыл сайын жеті және одан артық баланы, ал «Күміс алқа» алты бала тәрбиелеп өсірген аналарға беріліп келе жатқан жайы бар.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор