Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Үстіміздегі жылдың 8 және 9 шілдесінде Астана қаласындағы Сайран Арена спорт кешенінде FSKA нұсқасы бойынша Фунакоши каратэден Қазақстан Республикасының 2-ші чемпионаты өткен болатын.

Споттың жаңадан дамып келе жатқан түрі – Фунакоши каратэ бойынша ел чемпионатына Жамбыл, Астана, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Абай және Қарағанды облыстарынан 500-ден астам спортшы, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларынан келген командалар қатысты.

Аталған іс-шараны Президент М. Дукуева бастаған «Фунакоши каратэ федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған екен. Ондағы мақсат – спорттың жаңа түрі Фуеакоши каратэні Қазақстан Республикасы аумағында насихаттау һәм дамыту, осы спорт түрінен спорттық резервті дайындау, спортшылардың спорттық шеберліктерін арттыру және ең мықты деген спортшыларды анықтау, сонымен қатар Фунакоши каратэ бойынша Қазақстан республикасының құрама командасын жасақтау болса керек-ті.

Жарыс алдында Фунакоши каратэ ережелері бойынша жаттықтырушы-төрешілерге арналған семинар мен белбеу біліктілігіне аттестаттау семинары өткен-тін. Аталмыш семинарға Америка құрама штаттарынан 8 дан иегері Шихан Кенет Фунакоши және Португалия елінен Fska дүниежүзілік федерациясының бас төрешісі һәм 8 дан иегері Хосе Антонио Чагасмендес арнайы шақырылды. Осы жаттықтырушы-төрешілер семинарына Саран шаһарының каратэ спорты бойынша «Годан» клубының жетекшісі Анастасия Иверская мен клубтың аға оқушысы Аружан Зейнуллаева қатысқан екен.

Ал жарысқа оралатын болсақ, Саран шаһарындағы каратэ секциясының «Годан» клубының атынан ел чемпионатына қатысуға 5 пен 16 жас аралығындағы 19 адамды ұсынған екен. Нәтижесінде ұсынған балалар 16 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі алтын, үшеуі күміс және тоғызы қола медаль иегерлері атанды.

Жарыс ката және кумите бағдарламалары бойынша өткен екен. Сонымен қатар, кумитеде әр жас тобында 3-5 салмақ категориясы болса керек-ті. Ал ката бағдарламасы 9-4 кю (кіші белбеулер) және 1-3 кю (аға белбеулер) үшін бөлек балл бойынша бағалау форматында өтті деп мәлімдеді «Годан» клубының жетекшісі Анастасия Иверская.

Мәселен, ката бағдарламасында 11-12 жас аралығындағы 9-4 кю бойынша Амелия Зограбян, 13-14 жас аралығындағы 9-4 кю бойынша Альмира Гуреева, 13-14 жас санатындағы 9-4 кю бойынша Равиль Халитов чемпион атанып, алтын иеленді.

Ал 7-8 жас санатындағы 9-4 кю спортшылар арасында Варвара Фараносова, 9-10 жас санатындағы 9-4 кю спортшылар арасында Али Измайлов, 13-14 жас санатындағы 3 кю және одан жоғары спортшылар арасында Лазиз Авазхонов «Годан» клубы командасына қола жүлделер сыйға тартты.

Кумите бағдарламасында Фунакоши шотокан каратэ қауымдастығының FSKA ережелеріне сәйкес барлық жас топтарында жекпе-жек Shobu-ippon жүйесі бойынша екі ұпайға дейін есептелді.

Кумитэ бағдарламасында 7-8 жас аралығындағы 30 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «Годан» клубының спортшысы Диана Әнуарбекова қарсыластарының барлығын жеңіп, алтын иеленді.

Ал 9-10 жас санатында 40 келіге дейінгі салмақта Анзор Дааев, 11-12 жас санатында 45 келіге дейінгі салмақта Даниил Буганин және 13-14 жас санатында 45 келіге дейінгі салмақта Лазиз Авазхоновтар күміс медаль иегерлері атанды.

Ал 5-6 жас тобында 20 келіге дейінгі салмақта Никита Гаврилов, 7-8 жас тобында 25 келіге дейінгі салмақта Варвара Фараносова, 9-10 жас тобында 30 келіге дейінгі салмақта Виталий Севостьянов, 11-12 жас санатында 35 келіге дейінгі салмақта Максим Самойленко, 11-12 жас санатында 45 келіге дейінгі салмақта Буганин Кирилл, 13-14 жас тобында 50 келіге дейінгі салмақта Равиль Халитовтар қола медаль иеленді.

Айта кетерлігі, осы жарыстың қорытындысы бойынша 2023 жылдың қараша айында Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысатын ФУНАКОШИ КАРАТЕ бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жасақталмақ.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ