Үстіміздегі жылдың 11 шілдесінде Саран қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмас Сүлейменовтың төрағалығымен Саран қаласы әкімдігі жанындағы мүгедектігі бар адамдар істері жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысы өтті.
Бүгінгі таңда Саран шаһарында 1600-ге жуық мүгедектігі бар жандар тұрып жатса, оның 165-сі 18 жасқа дейінгі балалар болып табылады. Осы аталған мүгедектігі бар жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге жыл сайын 300 млн. теңгеден астам қаражат бөлінеді екен. Ал мүгедектігі бар жандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Атап атқанда, Саран қаласы аумағындағы халық көп баратын 43 нысан осындай жандарға арнап бейімделсе керек-ті. Сонымен қоса, 25 арнайы жол белгілері мен 11 жаяу жүргіншілер өткелінде дыбыстық құрылғылары бар бағдаршамдар орнатылса, 11 автобус мүгедек адамдарды тасымалдау үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған екен.
Бұл турасында қала әкімінің міндетін атқарушы Алмас Рымқұлұлы аталған кеңестің отырысы барысында баяндады.
«2014 жылдан бастап медициналық көрсеткіштер бойынша мүгедектігі бар жандарға арнап «Инватакси» қызметтері іске қосылған болатын.
Сонымен қатар, Горняк шағынауданында, Жамбыл көшесінде, Победа көшесінде, қалалық стадион аумағында, жұмыспен қамту бөлімінің аумағында спорттық тренажерлер орнатылды.
Бұған қоса жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 10 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек төленіп тұрады. Және тағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамдарға ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі жәрдемақы, ал мүгедектігі бар балаларды оқытуға арнайы екі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі жәрдемақы төленіп тұрады.
Менің жеке қабылдауымда мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар маған бірқатар маңызды мәселелер бойынша жүгінген болатын. Сол себепті де, біз бүгінгі кезектен тыс отырысты осы және өзге де өзекті мәселелерді талқыға салып, пысықтап алу мақсатында ұйымдастырып отырған жайымыз бар», - деді жиын барысында Алмас Сүлейменов.
Күн тәртібінде мүгедектігі бар адамдарды медициналық оңалту туралы Саран қалалық орталық ауруханасының, білім беру қызметтерін ұсыну туралы қалалық білім бөлімінің, мәдени-демалыс қызметтерін ұсыну туралы мәдениет үйінің, «БЖМОРМ» КММ-де мүгедектігі бар адамдармен жұмыс туралы аталған спорт мектебінің, азаматтардың жеңілдетілген санаттарына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға тегін жол жүруді ұсыну туралы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің, мүгедектігі бар адамдарға біржолғы материалдық көмек төлеу сомасын ұлғайту және балаларды қорғау күніне мүгедектігі бар балаларға қосымша көмек көрсету және тағы да басқа да мәселелер бойынша қалалық қаржы бөлімінің бірінші басшылары мен орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.
Алмас Рымқұлұлы аталған мәселелер бойынша сала басшыларының есебін тыңдап және мүгедек балалары бар ата-аналардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін саралапап, тиісті органдарға жоғарыда аталған мәселелерді қаперге алып, сәйкесінше оларды орындау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, Саран қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмас Сүлейменовтың төрағалығымен өткен Саран қаласы әкімдігі жанындағы мүгедектігі бар адамдар істері жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысына мүгедек балалардың ата-аналары, үйлестіру кеңесінің мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА