Медиация – белгілі бір механизм емес, ол дауларды шешудің баламалы, әрі ең қолайлы тәсілі ретінде танылады. Медиатор дауласушы жақтарға ортақ шешімге келудің жолын көрсетеді, ал медиатор шешім қабылдауға араласпайтын бейтарап жақ болып танылады. Медиацияның ең басты ерекшеліктеріне еріктілік, рәсімнің құпиялылығы, қысқа мерзімде келісімге келу, келіссөздер жүргізу арқылы ортақ мызғымас шешім қабылдау, медиация тараптарының тең құқылығы жатады.
Қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуге медиация институтының негізінде делдал енгізу жақтардың татуласу институтының құқықтық дамуына жаңа қарқын береді. Жалпы медиация институтын сот төрелігін іске асыру жұмысына енгізу соттың дауласушы екі жақты татуластыруға ниет білдіруін шеттетеді. Елімізде тараптарды медиатордың көмегімен татуластыру институтын енгізу талапкер, жауапкер, айыпталушы мен жәбірленуші тараптарға қылмыстық сот ісін жүргізу қағидаттарын сақтаудың қосымша кепілін береді.
Медиация көп елдерде қолданылғанымен ол ұлттық қылмыстық сот ісін жүргізу жүйесімен ерекшеленеді. Шетелдік тәжірибелер қылмыстық процесте медиацияны қолдану қарапайымдылығы және икемділігімен тиімді екенін көрсетті. Бірқатар елдерде медиация рәсімі міндетті болып келеді. Мысалы, Италия республикасының «Азаматтық және сауда істеріндегі медиация туралы» заңнамалы деректерінде медиация міндетті түрде жүргізілетін рәсімдердің бірі болып саналады. Ұқсас тәжірибе салыққа қатысты дауларды сотқа дейін шешудің міндетті тәртібі көзделген Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Канада, Словения еуропа елдерінде бар. Грузия елінің азаматтық процестік кодексіне «Соттық медиация» арнайы тарауы 2011 жылы енгізілді. Ол елде медиация тәртібімен қаралатын арыздар дауласушы жақтардың келісімімен медиаторға жолданылуы мүмкін. Ол туралы сот ұйғарым шығарады және ол шағымдануға жатпайды. Дауды қарау үшін медиаторға жолданғаннан кейін іс жүргізу уақытша тоқтатылып, бір шешім қабылданғаннан кейін істі қарау жалғастырылады.
Ал біздің елде Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданды. Азаматтық-құқықтық қатынас шеңберінде даулы мәселелердің мазмұнына қарай медиацияның қолданылуы жиі кездеседі. Заң шеңберіңде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
Соңғы жылдары қылмыстық-процестік құқық сараланып, заман талабына сай Азаматтық процестік, қылмыстық процестік және өзге де заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қылмыстық істер бойынша медиацияны қолдануды қылмыстық заңнамамен реттеу мәселесіне келсек, қылмыстық құқықтағы медиация медиаторлармен қолданылатын арнайы әдістер жиынтығын реттейді.
Қылмыстық кодекстің 68-бапта татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату бөлігі бекітілді. Қылмыстық кодекстің 68-бабына сай онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам келтірілген зиянды қалпына келтіріп, жәбірленушімен татуласса қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады. Заң аясында медиацияны қолданудың ережерелері адам өлімімен, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды.
Сот міндетіне тек заңмен бекітілген 68-бап талаптарын түсіндіру кіреді, сот ешкімді мәжбүрлеп, жүктемейді. Ал медиатор сот төрелігін іске асырумен байланысты емес бейтарап тұлға ретінде сотталушы мен жәбірленушінің татуласуына жағдай жасайды. Екі жақ медиативті келісім құруға өз еркімен келіскен жағдайда сотталушы жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы сот төрелігін іске асырады. Сондай-ақ қылмыстық процестік кодекстің 85-бабымен медиатор процессуалды тұлғаның өкілеттігі бекітілді.
Сондай-ақ, қоғам аясында туындайтын құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған қолданыстағы заң шеңберінде медиация институтының қылмыстық сот ісін жүргізу процесінде айтарлықтай белсенділік танытпайтындығын баса айтқан жөн. Оны қоғамның медиация институтының тиімділігі және медиацияны қолдану тәртібі жайлы ақпараттан жеткіліксіз түрде хабардар екендігімен байланыстыруға болады. Бұл бағытта қылмыстық істерді қарайтын соттар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғам назарына сот жүйесіндегі соңғы реформалар туралы ақпараттарды ұсынып отырады.
Медиацияны толық қолдану сот қызметінің жұмысын оңтайландырып, жұмыс жүктемесін анағұрлым азайтуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Медиация рәсімін енгізу мен қолдану айтып келгенде қоғамдық қарым-қатынастың мәдениетін арттырады.
Медиация институтын азаматтық сот ісін жүргізумен қатар, қылмыстық істерді қарау барысында қолдану Қазақстанда медиацияның дамуына, әрі бірегей құқық қолдану практикасын қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.
Г. Омарова,
Саран қалалық сотының судьясы