«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де,
болашағынан да қол үзеді...»
Ғ.Мүсірепов
Тіл – қарым – қатынас құралы ғана емес, мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Өз ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық міндеті – өз халқын, өзінің атамекенін сүюімен, өз ана тілін ардақтай білуімен өлшенбек.
«Қазақтың болашағы – қазақ тілінде» дегендей, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы қазақ жастары, болашақ ұрпақ. Біздің және болашақ ұрпақтың басты міндеттері қазақ тілінің мәртебесін арттыру. Еліміздегі тіл мәселесінің оңтайлы шешілуі мектепке дейінгі мекемелер, жалпы орта білім беретін мектептердегі және жоғары оқу орындардағы білім беру жүйесіне де тікелей байланысты. Бүгінгі таңда болашақ ұрпақтың ана тілінде еркін сөйлей алатын, ана тілін қадірлейтін, ана тілінің тағдырына бей-жай қарамайтын сауатты, білімді ұрпақ болып тәрбиеленуде.
Мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағы күңгірт, бұлыңғыр болмауы тиіс. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ескере отырып, ана тілін ақсатпаудың жолдарын қарастырып, көптеген іс – шаралар өткізуіміз қажет. Ол үшін жоғарыдан заңдарымыз мемлекеттік тілде жазылып, әрі қарай салт – дәстүріміз сақталып, тіліміздің беделін көтеруге қатысты жұмыстар жүргізілуі керек. Бұл ұлт ретінде тілімізді сақтаудың ең басты шарттарының бірі болар еді.
«Өзіңді өзің силасан, жат жаныңнан түңілер», демекші өзіміз мемлекеттік тілді, яғни ана тілімізді құрметтеп сыйлайтын болсақ , өзге ел именіп жүрері сөзсіз. Сондықтан да мың жылдық тарихы бар қазақ елінің тілі жойылуы мүмкін емес. Оны сақтап, тек қана атадан балаға мәңгі аманат етіп қалдыратын болашақ ұрпақ!
Ж. Джумашева,
Саран қаласы ПБ