Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – Ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет.ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Алайда, қазақ тілі әр қазақтың ар – ожданы, мақтанышына айналуы тиіс.
Осы орайда Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата – бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген сөзді әрбір қазақ ұғынса, біздің тіліміздің жағдайы дәл кәзіргі қалпынан әлдеқайда жоғары деңгейде болар еді.
Мемлекеттік тіл – аса маңызды да, ең өзекті мәселе, тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі болып табылады. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя, қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгерері анық.
Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың ең басты кілті. Тілді сөйлеу арқылы санамыздың бір түкпірінде жатқан, өткен тарихқа деген көзқарасымызды түзейміз, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды.
Ұлттық дәстүрдің өзегі – ана тіліміз. Бір аксиома бар: бұл дүниеде барлық нәрсе өтеді, бірі сыбағасын алып, енді бірі ештеңе бұйырмаған күйінде. Өркениеттен өз еншісін алған ұлттардың тілі мен салт – санасы, барлық құндылықтарды өркендеу кезеңінде тұр. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз «Қазақ тілі ғұмыр жүзінде өз бәйгесін алар» дегені рас болса, қазақ халқының тілі болашаққа бет алары сөзсіз.
«Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген Президенттің шынайы тұжырымына көзіміз жететін кезең алда тұр.
Ж.Джумашева,
Саран қаласының
Полиция бөлімі