Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Карате – қарусыз қорғанудың бір түрі. Яғни, аяқ және қолмен қарсылас денесінің осал тұсына соққы беруге негізделген.Бұл спорт түрі XV ғасырда Рюкю топаралындағы Окинава аралдарында пайда болған. Каратенің дүниеге келуінің негізгі себебі – сол кездегі князь Се Хайсидің (1470) қару ұстауға рұқсат бермеуінде екен. Ол кезде Окинава Жапониямен емес, Қытай елімен көбірек байланыста болған. Сондықтан, каратeнің қарқынды дамуы Қытайдың кунг фу қарусыз күрес түрімен байланысты. Қазір каратeнің «каратe-до» (олимпиядалық спорт түрі), оның «шотокан», «кекусинкай», «ситро-рю», «годзюрю», «вадо-рю» деген түрлері бар.

Бүгінгі каратe жүйесі ХХ ғасырдың басында дамыған. Үстіміздегі жылдың 23 шілдесінде Шахтинск қаласында Фунакоши каратэ бойынша біріншілік өткен болатын. Барлығы 50 ге жуық спортшы қатысқан фунакоши каратэ бойынша біріншілікте Шахтинск қаласының «UNION TEAM» клубы мен Саран шаһарының «Годан» клубтарының жас каратэшілері жұдырық түйістірді.

Біріншілікті «Қарағанды облысының фунакоши каратэ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің перзиденті Сергей Черновтың мұрындық етуімен аталған қоғамдық бірлестіктің ұжымы ұйымдастырса керек.

Бұл спорттық каратэ. Жай каратэмен салыстырғанда мұндағы қимылдар өте жылдам болады. Сонымен қатар соққылар тек басқа ғана емес дененің өзге бөліктеріне де жасалады және де күрестің кейбір элементтері бар дейді ұйымдастырушылар.

Жарыс FSKA Фунакоши шотокан каратэ қауымдастығының ережелеріне сәйкес екі ұпайға дейінгі Shobu-ippon жүйесіндегі кумите бойынша өтті.

Атауына сәйкес, турнирде осы күрделі, бірақ қызықты жекпе-жекті түсіне бастаған балалар бақ сынасты. Ең кішкентай балалардың жасы - 5 жаста болса, ең үлкені - 13 жаста. Қатысушылар өздерінің дағдыларын арнайы бәсекелестік кешенде көрсетті: яғни, кумите - татамидегі жекпе-жектің барлық түрлерін қамтитын жапондық жекпе-жек өнер ұғымы.

Біздің Саран қаласының намысын «Годан» клубы командасының 5 пен 13 жас аралығындағы 15 каратэшілері қорғады. Сол 15 баланың 14 медаль жеңіп алып, үйге жүлделі оралды. 14 медальдың  бесеуі - алтын, төртеуі - күміс, бесеуі - қола.

Нәтижесінде 5-6 жас санатында Никита Гаврилов, 7-8 жас санатында Диана Ануарбекова, 9-10 жас санатында Анзор Дааев, 11-12 жас санатында Арсентий Беляев, 13-14 жас санатында Равиль Халитовтар алтын медальды қанжыласа, күміс медальды 5-6 жас санатында Ярослав Есимов, 7-8 жас санатында Мирослав Даудрих пен Варвара Фараносова, 9-10 жас санатында Виталий Севостьянов иеленді.

Ал қола медальды 5-6 жас санатында Михаил Шаравин, 7-8 жас санатында Мирослав Даудрих, 9-10 жас санатында Али Измайлов пен Ануархан Ануарбеков, 11-12 жас санатында Богдан Шепаев иеленді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ