Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Кеше қалалық мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Айта кетейік, ресми орындар мен бұқара халықтың арасын тығыз байланыстыра отыра жұмыс жасайтын аталған бейресми ұйым біздің шаһарда алғаш рет үстіміздегі жылғы маусым айында құрылған болатын.

Ондағы мақсат – қоғамдағы сан алуан мәселелер бойынша жергілікті қоғамдық ұйымдардың үлкен буын өкілдерінен, қоғамдық, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді мүшелерінен, сондай-ақ қоғамдық пікір қалыптастырушы көшбасшылардан құралған қоғам белсенділерінің басын бір жерге түйістіріп, аталған мәселелер бойынша ұйғарымға келетін аталы сөз бен баталы бәтуәларын ресми орындарға ұсыныс ретінде жолдау.

Міне, араға бірер уақыттар ғана салып, алғашқы алқалы жиындарын бастап кеткен Ақсақалдар кеңесінің отырысына Саран қаласының құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері, Саран қаласының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Аброев, ішкі істер саласының ардагері, «Қоғамдық сауалдарды зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Серік Тілекбаев, орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Саран қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайырбек Омаров, Саран қаласының құрметті азаматы, көмір өнеркәсібінің ардагері Жанат Әшімов, Саран қаласының құрметті азаматы, Ақтас кентінің жергілікті қауымдастығының төрағасы, денсаулық сақтау саласының ардагері Рымтай Сейтқазина, Саран қаласының білім беру саласының ардагері Серік Мұстафин, «Ауғагн – Саран қалалық әуе-десанттық әскерлер бауырластығы» ЖМ мүшесі, жауынгер-интернационалист Сабыржан Байғазиев, Саран қаласы мешітінің бас имамы Нұржігіт Мұсабеков пен мешіттің наиб имамы Мұхамедқали қажы Саликов қатысты.

Ақсақалдар кеңесінің алғашқы рет өткізіліп отырған отырысының шыммылдығын Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев түрді.

Бұдан бөлек, жиын барысында Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева қала әкімінің орынбасары Сағынбек Жаңбырбайұлына Ақсақалдар кеңесінің мүшелерін таныстырып өтті. Ал одан кейінгі алғы сөзді қала әкімінің орынбасары алды.

– Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күні Ассамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы ел азаматтарын тарту мақсатында жаңа тәсілдерді енгізуді жетілдіруде. Соның ішінде жаңадан құрылған Ақсақалдар кеңесі өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық, – деді қала әкімінің әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев.

Күн тәртібінде мұсылман зираттары мен християн бейіттері аумағында тазалау жұмыстарын ұйымдастыру, Саран қаласындағы ескі мұсылман зиратының айналасын қоршау және Саран қаласында жаңа мешіт салу сынды өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар аталған мәселелерден бөлек, отырыс барысында қала әкімінің орынбасары Сағынбек Жаңбырбайұлы Игілік бидің ел игілігіне атқарған елеулі еңбектері хқында бірер сөз қозғап, бидің Бай тамы кентінде орналасқан мазарына апаратын жолдың ахуалы туралы да тілге тиек ете кетті. Күн тәртібіндегі тақырыптар аясында баяндамалар жасалып, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берілді.

Отырыс соңында жұмыс жоспары бекітіліп, алдағы жоспарлар айқындалды. Ал одан кейін Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев бастаған қалалық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Иглікі би мазарына жол тартты.

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА