Қай жерде, қай кезде болмасын тазалықтың орны ерек. Қоршаған орта, жан, тән тазалығы адам үшін қашанда бірінші орында. Айналамызға көз салсақ, тоқтаусыз ағылған көлік, жөнсіз тасталған қоқыс. Арнайы «қоқыс жәшігі» болса да, кей жерден шашылып жатқан қоқысты көзіміз шалып қалатыны жасырын емес.
Тазалық сақтауға тұрғын құлықсыз болса, шаһарымыз қалай көркеймек? Тазалық мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Ол ең алдымен тұрғынның өзі үшін керек. Себебі күл-қоқыс ауаны ластайды. Лас ауамен демалатын да өзіміз. Әрбір тұрғын өз ауласы мен үй-жайының айналасын таза ұстаса, қала көркіне өз үлесін қосқан болар еді. Себебі - тазалық табалдырықтан басаталды.
Міне осы сөзді ұран еткен Саран жастар ресурстық орталығы өткен аптада «TazaLike» челленджін бастаған болатын. Аталмыш челленджге шаһардың 40 астам белсенді жастары, «Жасыл ел» ЖЕЖ жауынгерлері мен еріктілері қатысып, олар қала орталығынан бастап, Ленин даңғылындағы 1, 3, 5, 7, 9, 11 үйлердің аулаларын қоқыстан тазартты.
Жастар Ресурстық ортлығы директорының міндетін атқарушы Гүлзият Келдібекқызы челлендждің басты мақсаты – азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны таза ұстауды күнделікті өмір салтына айналдыру және ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту екенін атап өтті.
«Күнделікті көріп жүргеніміздей, өмірдегі өзекті мәселенің бірі – тазалық. Себебі, тазалық – өмір айнасы, иманның жартысы. Ол болмаған жерде бейберекетсіздік еңдеп, қоғамда қауіпті жағдайлар орын алып, адам денсаулығына зиянды факторлар пайда болуы ғажап емес. Яғни тазалық сақталмаған жағдайда инфекциялық түрлі ауру-сырқау тарайтынын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан санитарлық жұмыстардың жүйелі жүргізілуінің мәні осында. Бұл – бір. Екіншіден, тұрмыстық қатты қалдықтар кез келген жерде шашылып жатса, көшенің де көркі қашады. Ауыл, елдің сәні бұзылады.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген ұғымды әкеміз бен анамыз қаршадайымыздан-ақ санамызға сіңірді. Бұл біздің отбасымыз үшін ғана емес, Отан алдындағы азаматтық міндеттің ажырамас бөлігі екенін бәріміз жақсы білеміз. Күнделікті есіктің алдынан бастап, қора-қопсыны тазалау, қоқыстарды тиісті орынға шығару, реттеу жұмыстары әдетімізге айналған. Біз осынау тақырып арқылы атқарылар істердің берекесін келтіру жөнінде көрсеткіміз келді. Қандай істе және қай жерде береке бар десе, әрине, таза жерде, таза орында, тазалықта деп жауап берген болар едік біз», - дейді Гүлзият Келдібекқызы.
Сонымен қатар, жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлзият Ханафина аталмыз тазалық науқанынан қатысқан барлық белсенді жастар мен еріктілерге өз алғысын білдірді.
«Жалпы қаланы көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тазалық мәселесін де қала басшылығы күн тәртібінен түсірген емес. Алайда, халықты қоқыс тастау мәдениетіне бейімдеу керек. Арнайы қоқыс жәшігіне салынуға тиісті қоқысты жетер-жетпес лақтырып тастай салатын тұрғындардың іс-әрекеті тазалықпен айналысатын жандардың жұмысын жоққа шығаруда. Тазалықты әркім өзінен бастаса екен дейміз», - дейді ерікті, «Жасыл ел» ЖЕЖ жауынгері Ерасыл Алшынбаев.
Осылайша шаһарымыздың белсенді жастары, «Жасыл ел» ЖЕЖ жауынгерлері мен ерікті жастар қала тұрғындарын тазалықты өздерінен бастауға шақырды.
«Қала тазалығы, оның көркі мен сәні – әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңынан басталады емес пе? Ендеше, қаламыздың тазалығына бірге атсалысайық. Аптаның әр сенбі күндері өз аулаларыңызға, аула маңына сенбілік ұйымдастырып, қоқыстан тазарту, шөбін шабу, әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізулеріңізді сұраймыз. Тұрғылықты жеріміздің таза болуына өз үлесімізді қосып, аулаларымыз бен көшелерімізді тазалауда белсенділік танытайық. Қаламызды гүлдендіріп, көшелерімізді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн болар. Туған өлкенің тазалығын қадағалау – әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық!», - деген үндей тастады шаһар жастары қала тұрғындарына.
Иә, тазалық өзіміз үшін, өскелең ұрпақ үшін керек. Сондықтан, әрбір тұрғын белсенділік танытса нұр істіне нұр болары сөзсіз. Шүкір, қазір бұрынғыдай емес, тәртіпсіздік тиылды. Дегенмен, тәртіпті қатаң ұстау керекпіз.
Әрине, тазалық айлығының өтуі қажет-ақ. Алайда, осыған тұрғындар неге бей-жай қарайды? Тазалықпен айналысатын ұйымдар осыны айтып қынжылады. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі». Бұл ықылымнан ұлттың ұстанған қағидасы. Осы сөздің мән-мазмұнын ұққан сарандық жастар, тазалық – мәдениеттіліктің белгісі екенін айтып, қала тұрғындарын игі іске ат салысуға шақыруда. Алайда, табыс табуды бірінші кезекке қойған нарықтық қоғамда экологиялық тазалыққа мән беретіндер азайды. Жасыратыны жоқ, қоғамдық жұмысқа тартылған адамдар тазалайтын көшелер болмаса қалған көшелердің жағдайы мәз емес. Біз тұрғындарға кінә артудан аулақпыз, сонда да олардан қолдау болса артықтық етпейді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» десек, сенбілікке барлық тұрғындардың қатысуымен қатар шағын және орта бизнес өкілінің белсенді болуы әрбір жиында көтерілетін жайт. Екіншіден, қараусыз қалған иттердің көше кезіп жүретінін көріп жүрміз. Бұл үй жануарына бақылаудың аздығынан һәм оларды асырауға алып, кейін қаңғыртып жіберген иелерінің жауапкершілігінің жоқтығынан. Қараусыз иттер қоқыс жәшіктерін шашуды жиілетті. Сондықтан, әрбір тұрғын өз жануарына ие болғаны абзал.
Осы орайда, әлемдік тәжірибеге сүйеніп көрейік. Мәселен, Жапония елінде «Сенiң жерiң – сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк мекенi!» деген ұғым қалыптасқан. Соның нәтижесiнде балабақшадағы бүлдiршiн қағазды көшеге тастамауға тырысады. Олар келер ұрпаққа таза, жасыл мекен қалдырамыз деген ұранды ұстанады. Ал, Сингапурде бөтелкені қоқыс жәшігіне тастамағаныңыз үшін құны 500, темекі тұқылын тастағаныңыз үшін 1000 Сингапур доллары болатын айыппұл төлеуге тура келеді. Бұл жағдай қайталанса, айыппұл мөлшері көбейіп, соңы темір торға жетелейді. Алысқа бармай-ақ, көрші өзбек ағайындары әр үй өз есік алдын аптасына екі-үш рет сыпырып, тазалық жұмысын жүргізеді. Біз неге осындай қарапайым дүниелерді жасай алмаймыз деген сұрақ еріксіз мазалайды.
Түйіндей айтқанда, мәдениетті ел болу өткенді өшірмей, тарихты тірілтіп, келешекті жаңарту арқылы сананы ояту ғана емес, оның ішінде тазалық мәдениетін қалыптастыру да бар. Сондықтан, сана жаңармай тазалық мәдениеті қалыптаспайды. Осыны ұмытпаған жөн.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ