Қазіргі таңда қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері жастарының саны күн өткен сайын өсіп келеді. Бұдан нені аңғарамыз? Әрине, бірінші кезекте қазақ тілінің қоғамдық қатынас құралына айналғанын байқауға болады. Ең бастысы өзге ұлт өкілдерінің жастары қазақ тілін меңгеру арқылы өзінің қызметтік мансабының өсуіне мүмкіндік алып отыр.
Бүгінде қазақ тілін меңгерген жастарға қазақ қоғамы үлкен құрметпен қарайды. Әсіресе жураналситер арасында қазақ тілін меңгеріп, қазақ тілінде хабар таратып, түрлі бағдарламаларды жүргізіп жүрген жастар көп. Олар осылайша өзге жастарға қазақ тілі арқылы биік белесті бағындыруға болатынын нақты іспен дәледеп жүр.
Биылғы жылы Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы «Тілі бірдің – тілегі бір» жобасын қолға алды. Ұлты басқа болғанмен, тілегі бір тіл жанашырларының басын қосқан бұл кездесулерде мемлекеттік тілді меңгерген әр саладағы этнос өкілдері өздерінің тіл үйрену тәжірибесін ортаға салады. Тіл үйренудегі қиыншылықтар мен тілге қатысты өзекті мәселелерді қозғайды. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді меңгерген азаматтармен екі кездесу өтті. Бірінші кездесудің қонағы – полиция қызметкері – Хан Жанна Валерьевна. Жанна Валерьевна мемлекеттік тілді бала кезінен біледі. Сонымен қатар өз жұмысында құжаттарды тек мемлкеттік тілде толтырады.
Мемлекеттік тілді оқыту курсынан өткен тыңдаушылардың арасында жыл сайын дәстүрлі түрде қалалық «Үздік тыңдаушы» байқауы өтеді. 2023 жылы Жанна Валерьевна сол байқаудың жүлделі екінші орнына ие болды. Сонымен қатар Жанна қалалық, облыстық деңгейде өтетін іс-шараларға белсене қатысады.
Жобаның екінші кездесуіне арнайы шақырту алып келген Родионова Юлия Олеговна – медицина саласының қызметкері. Юлия Олеговна мемлекеттік тілді үйрену курсына қатысып, тілді үйреніп жүр. 2023 жылы өткен «Үздік тыңдаушы» байқауында үшінші орынға ие болды. Юлия қазіргі кезде қалалық іс-шараларға қатысып жүр. Болашақта облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысады деген үмітіміз бар. Мұндай кездесулер әлі жалғасын таппақ.
Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы - «TikTok» желісінде мемлекеттік тілдің оң иміджін қалыптастыру мақсатында «Знать казахский-модно» айдары ашылды. Бұл айдарда қаламыздың жастары мемлекеттік тілді жеңіл әрі қызықты етіп үйретеді. Желі қолданушылары да өздерінің оң пікірін білдіруде. Алдағы уақытта тіл үйренуге қызығушылық танытқан жастарды қолдап, оларға түрлі мүмкіндік туғыза берудің маңызы зор.
Қазіргі таңда осыған дейін ел арасында айтылып келген «қазақ тілін үйрену қиын» деген әңгімеге нүкте қойылды. Елжанды азаматтардың арқасында тіліміз өзінің тұғырына қонып келеді. Расымен де қазақ тілін үйренуге кедерге жоқ. Мұны өзге ұлт өкілдерінің жастары жете түсініп отыр.
Д. Жупенова,
Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тілдер жөніндегі бас маманы