Қазір қазақ күресін насихаттау ісі қарқынды жүріп жатыр. Елімізді қойып, шетелде де қазақ күресімен айналыстын спортшылар баршылық.
2016 жылы ЮНЕСКО халықтардың толеранттылық, ізгі ниет және ынтымақтастық принциптеріне негізделген қатынастарды нығайтуға әсерін атап өте отырып, қазақша күресті адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізді.
2012 жылдан бастап Қазақстанда жыл сайын қазақша күрестен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі ұйымдастырылып келеді. Турнир Тараз қаласында өтеді. Ережеге сәйкес, балуандар абсолюттік салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.
Сондай-ақ, Тараз қаласында «Еуразия барысы» халықаралық турнирі де өткізіледі. «Еуразия барысына» Еуропа мен Азиядан келген балуандар қатысады. Тұрақты қатысушылары Иран, Моңғолия, Ресей, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Қытай және Қазақстан балуандары.
Ал 2014 жылы Павлодарда алғаш рет қазақша күрестен «Әлем барысы» әлемдік турнирі өтті. Бұл жарысқа спортшылар әлемнің түкпір-түкпірінен қатысады. Қазір қазақша күрестің даңқы әлемді шарлап жүр десек, артық айтпаған боламыз.
14 тамызда Саран шаһарында спорт күніне орай қазақ күресінен қалалық жарыс өтті. Ұлттық спорт досдасында 12 мен 16 жас аралығындағы 50 келіден 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 15 палуан өзара кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады.
Нәтижесінде 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынды Нұрәли Қуат, екінші орынды Артем Ботов, үшінші орынды Санжар Саттар иеленді.
Ал 60 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бірінші орынды Айым Диханбай қанжығаласа, екінші орынды Нұрислам Мұхамедәли иеленді.
Қазақ күресінің қарқынды дамып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Ұлттық күресіміз әлемдегі Біріккен күрес Одағының құрамына мүше болып енгелі бері төл күресімізден әлемнің әр түкпірінде жарыстар ұйымдастырылып қазақ күресіне деген қызығушылық арта түсті.
Бұл орайда ұлттық спортымызды дамыту үшін елімізде қазақ күресінен әлі де көптеген іргелі істерді атқару міндеті тұрғаны анық. Солардың бірі спорт ғимараттарын көптеп ашып, жас ұрпақтың төл күресімізге сүйіспеншілігін арттыру.
Жанкүйерінің делебесін қоздырып жіберетін спорт түрлерінің бірі – күрес. Сондықтан да болар, кезінде қазақ халқының ас-тойлары балуандар күресінсіз өтпеген. Аттарынан ат үркетін қара күш иелері Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқандарды айтпағанда, өз заманында белдескеннің белін үзіп, алысқанның омыртқасын опырып жіберген, есімдері бүгінгі ұрпаққа беймәлім балуандар да аз емес. Қаншама ғасырлар өтсе де, қазақтың күрес өнері ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп жалғасып келеді.
Соңғы кезде қазақ күресінің ережесіне жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес балуандар жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 10 минут, жасөспірімдер үшін 5 минут. Бұл күрестің басты шарты – күшін көрсетіп, әдісін асырып, талассыз жеңу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап «күш алу» деген байырғы жеңіс белгісін жасайды.
Біздің қалада қазақ күресі секциясы қалалық спорт орталығының жанынан 2022 жылы ашылған болатын. Аталған секция бүгінде қарқын алуда. Қазақ күресі секциясының бірінші жаттықтырушысы Айбек Құрманалин бірнеше мәрте «Сарыарқа барысы» облыстық сайыстарында күміс жүлдегер атанған болатын. Қазіргі таңда ұлттық спорттың осы түріне деген қызығушылықтары бар жасөспірімдер білікті жаттықтырушы Диас Қуат Талғатұлының қоластында жаттығып жатқан жайлары бар. Әзірге қазақ күресі секциясында бар жоғы 12 жастан бастап және одан жоғары жастағы 15 жасөспірім спортпен шұғылданып жүр. Егер шаһардағы ұлттық спортқа деген насихат қарқынды болатын болса, қазақ күресіне қызығушылық танытқан жандардың қатары көбейеді деп сенеміз.
Себебі қазақ күресінің тарихы тым тереңде жатыр.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ