Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

15 тамызда Саран қаласы әкімдігінің конференц-залында қала әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Қала әкімінің міндетін атқарушы Алмас Сүлейменовтың төрағалығымен өткен жиынға прокуратура, қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мемкемелердің, денсаулық сақтау ұйымының, құқыққорғау органдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу (соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу) бойынша қабылданған шаралар мен жұмысты ұйымдастырудың жай-күйі туралы, түзеу мекемелерінен босатылған және бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған адамдар арасында әлеуметтік бейімделуге, еңбек және тұрмыстық орналасуға, қылмыстардың алдын алуға жәрдемдесу шаралары туралы, білім беру ұйымдарында есірткі заттарын тұтыну мен таратуды болдырмау мақсатында алдын алу және ақпараттық жұмыстарды жүргізу, девиантты мінез-құлықты балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтыру маусымын ұйымдастыру, алкогольдік және есірткілік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі құқық қорғау және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар туралы 4 мәселе қаралды.

Жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу (соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу) бойынша қабылданған шаралар мен жұмысты ұйымдастырудың жай-күйі туралы баяндаған Саран қаласының полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрхат Хамитовтың мәлімдеуінше 2023 жылдың басынан бері Саран қаласында кәмелетке толмағандарға қатысты қатыгездік пен тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері тіркелмеген.

«Ювеналды полиция инспекторлары білім беру ұйымымен бірлесіп, отбасылардағы қолайсыздыққа мониторинг жүргізеді. Осы бағытта бақылау, сондай-ақ профилактикалық жұмыс жүргізіледі, күн сайын кәмелетке толмағандар мен ата-аналар тұрғылықты жері бойынша тексеріледі, оқушылардың оқу уақытынан тыс уақытта жұмыспен қамтылуын, балалардың тиісті тұру жағдайларын анықтау, өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді анықтау және оларға көмек көрсету мақсатында Саран қаласы ювеналды полиция бөлімінің есебінде тұрған балалардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары тексеріледі», - дейді Саран қаласының полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрхат Хамитов.

Алқалы жиын барысында мамандар жоғарыда аталған басқа да мәселелер бойынша қоғам тыныштығы жолындағы атқарып жатқан жұмыстар туралы тілге тиек етті.

Жиында қала әкімінің міндетін атқарушы Алмас Рымқұлұлы құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмауға немқұрайлы қарау – ол әр түрлі қылмыстарға жол ашуға бірден-бір себеп екенін жеткізе келе, отырыс қорытындысымен күн тәртібінде көтерілген мәселелерге байланысты комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Біз өз кезегінде қаламызда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, аталған міндеттердің жүзеге асырылуына белсенділік танытуымыз керек. Сол кезде ғана, қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі арта түсетіні сөзсіз», – деді жиынды қорытындылаған Алмас рымқұлұлы.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ