Жер жүзіндегі қай халық болмасын тамыры терең текті тілі арқылы рухани болмыс-бітімін танытып, құндылығын насихаттап, ұлттық қалпын сақтай алады. Өйткені тіл – бүтін бір ұлттың болмысы, том-том тарихқа жүк боларлық хикаясы бар халықтың келбеті, тарихы тағдырына, тағдыры болашаққа тарам-тарам жол етіп салынған ұлттың басты байлығы.
«Ана тілі – халық болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп бес арыстың бірі Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, әлімсақтан тұнықтығын сақтаған әлемдегі таза әрі көркем тіл ретінде қазақ тілін айтуға болады.
Қазақ жеріндегі ана тілге құрмет, мемлекеттік тіл саясатын дамыту мәселелері еліміз егемендік алғалы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тіл мәртебесінің нығаюына, қолданыс аясының кеңеюіне септігі тиерлік шаралар легі жоспарлы түрде жүргізілуде. Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жұмыстарының басым бөлігі тілдерді оқыту орталықтарына жүктеліп отыр. Бүгінде республика бойынша 111 тіл оқыту орталығы тіл саясатын қарқынды жүргізіп келеді. Соның бірі – Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы.
Иә, мемлекеттік тіл мәртебесін биіктетіп, өрісін кеңейту өңірлердегі тіл дамыту орталықтарына тікелей байланысты. Осы орайда шаһарымызда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде білу үшін қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нурмаханованы әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Альбина Оспанқызы, әңгімені оқыту орталығынан бастасақ…
– Орталық жұмысы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып келеді. Орталықта қазіргі таңда барлығы 5 адам жұмфс істейді. Орталық қызметкерлері қала тұрғындарына мемлекеттік және ағылшын тілдерін тегін оқытады. Орталықтың негізгі мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, тіл мәдениетін одан әрі арттыру және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Орталық мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында қабылданатын мемлекеттік бағдарламаларды, іс-шаралар жоспарын іске асыруға қатысады, тілдерді меңгеру бойынша нысаналы индикаторлар мен нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Алдағы уақытта жұмыс ауқымы кеңейетін болады.
– Нақты кезеңде мемлекеттік тіл мәртебесін кеңейту мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Орталықтың негізгі миссиясы – ересек тұрғындарға тілдерді оқытып-үйрету. Бізде қазақ, ағылшын тілдерінің курстары жүргізіледі. Жылдан жылға мемлекеттік тілді үйренуге қала тұрғындарының арасында сұраныс артып келеді. Курсты аяқтап, сертификатқа ие болған тыңдаушылармен байланыс үзілмейді. Курстан алған білімдерін шыңдап, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысады. Мысалы биылғы жылы сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясына қатысып, облыс бойынша Саран қаласы ерекше белсенділік танытты. Сонымен қатар, курсты аяқтағандардың арасында «Үздік тыңдаушы», қала жастарының арасында «Мемлекеттік тіл - мерейім», мемлекеттік қызметкерлердің арасында «Ұлттық ономастика - ел айнасы» атты байқаулары дәстүрлі түрде өтеді. Ал биылғы жылы Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы «Тілі бірдің – тілегі бір» жобасын қолға алды. Ұлты басқа болғанмен, тілегі бір тіл жанашырларының басын қосқан бұл кездесулерде мемлекеттік тілді меңгерген әр саладағы этнос өкілдері өздерінің тіл үйрену тәжірибесін ортаға салады. Тіл үйренудегі қиыншылықтар мен тілге қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Сонымен қатар, оқу орталығының әлеуметтік парақшалары арқылы «Перевод дня», «Топ слова», «Qazaqsha sóıle», «Тілашар», «Знать казахский – модно» айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.
– Хош делік. Саран шаһарында тұрғындардың жартысынан көбі орыстілді десе болады. Тіл үйренем деген азаматтарды қазақ тіліне оқыту жұмысы қалай жүргізілуде?
– Орталық қызметкерлері қала тұрғындарына мемлекеттік тілді тегін оқытады. Тыңдаушылардың қалауы бойынша оқыту курстары онлайн немесе офлайн форматта өтеді. Сонымен қатар мекемелерден келіп түскен өтінімдерге байланысты өтінім берген мекеменің базасында өткізіледі.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлтымыздың салт дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру мақсатында 2021 жылы 1 қарашада «Мәміле» тілдесу клубы ашылды. Клуб отырыстары әр сәрсенбі сайын мультимедиялық кабинетте өткізіледі.
Ал қаладағы қызмет көрсетуші шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлкеттік тіл қысқа мерзімді курстар арқылы үйретіледі. Осы уақытқа дейін қысқа мерзімді курстан 10 пошта қызметкері, «Василек» сауда үйінің 11 қызметкері, «Саранькоммунсервис» ұйымының 13 қызметкері, 10 банк қызметкері, «Sanpaper» ЖШС 10 қызметкері өтті. Жыл соңына дейін қаламыздың сән саласының қызметкерлерін оқыту жоспарланып отыр.
Мемлекеттік тілді үйрету жұмыстарымен шаруашылық субъектілерін барынша қамту мақсатында «Қызмет көрсетушілерге арналған тілашар» әзірленді. Тілашарға енгізілген әр сабақ «Саран газеті» газетінде, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жарияланды. Олардың бәрі Book Creator қосымшасы арқылы электрондық оқулыққа жинақталды. Қазіргі уақытта аталған оқулыққа аудио және бейнематериалдар орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталған соң кез келген тіл үйренуші осы тілашар арқылы өз қалауына қарай тіл үйрену мүмкіндігіне ие болады, яғни тыңдап, немесе бейнероликті көріп, немесе мәтінді оқып берілген диалогты меңгереді. Бұл тілашардың ең басты тиімділігі қосымша қаражатты қажет етпеуінде, оны сілтеме арқылы пайдалануға болады.
– Жалпы цифрландыру мәселесі қазір көп көтеріледі. Тіл саясатын жүзеге асыруда, соның ішінде оқыту процесінде цифрландыру қолданылады ма?
- Иә, цифрландыру қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылатыны баршамызға мәлім. Цифрландыру үрдісі, мінсіз білім беру үдерісі мен сапасына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтанда орталығымызда тыңдаушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында сабақта LearningApps, Kahoot, Quizlet, Wordwall, Quizizz, ClassFlow, Book Creator сияқты заманауи онлайн сервистер пайдаланылады. Тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенованың авторлығымен қарапайым А1 деңгейінде қазақ тілін үйретуге арналған оқулық әзірленді. Оқулықтың ерекшелігі телефонға жүктеп кез келген жерде және кез келген уақытта пайдалануға болады.
– Көшедегі көрнекі жарнамалар мен қоғамдық орындардағы қате аудармаларға тіл орталығының құзыреттілігі қандай?
– Қате жазылған жарнамалар мен ақпараттарды анықтап, әдістемелік көмек көрсетіп тұрамыз. Қала көшелерінде көрнекі ақпараттардың орфографиялық, стильдік жағынан дұрыс жазылуын тексеру мақсатында құзырлы орындармен және БАҚ өкілдерімен рейд жүргізіліп тұрады. Қаладағы көрнекі ақпараттың тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестігі үнемі қадағаланып отырады. Осы бағыттағы жұмысты жүргізу үшін қаладағы тіл жанашырларынан «Тіл қорғаны» атты жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының мүшелері ай сайын бекітілген кесте бойынша рейдке шығады. Рейд барысында мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтін шағын және орта бизнес нысандарына Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарының талаптары түсіндіріліп, ақпараттық парақшалар мен тілашарлар таратылады. Сонымен қатар, «Жедел желі» арқылы кәсіпкерлерге аударма бойынша тегін әдістемелік көмек көрсетеміз. Өткен жылы рейд жұмысына 624 нысан қамтылып, 187 заңбұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 120 нысан ретке келтіріп, қазіргі таңда қалғандары бақылауға алынған.
Заң талаптарына сәйкес келмейтін нысандардағы дүкен иелеріне көрнекі ақпараттарын тіл туралы заңнамаларға сәйкестендіру туралы ұсыныс хаттар беріледі. Жыл басынан жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 296 шаруашылық субъектісінің көрнекі ақпараттары заң талабына сәйкестендірді, «Жедел желі» бойынша 85 жеке кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілді.
Меншік иелері маңдайша, жарнаманы ілмес бұрын жергілікті тілдерді дамыту бөлімімен хабарласып, жарнама мәтіндерінің аудармалары дұрыстығын тексертіп, білмегендерін сұрап алса, мұндай қателіктер мен бұзушылықтар орын алмас еді... Сондықтан да біз әрдайым рейд барысында меншік иелеріне заң талаптарын түсіндіріп «Жедел желі» нөмірі көрсетілген ақпараттық парақшалар таратып отырамыз. Жалпы алғанда жүргізіліп жатқан рейд жұмыстары өз нәтижесін беріп жатыр деп айта аламын.
– Мемлекеттік мекемелерде тілдің қолданыс аясына қатысты сын әлі де баршылық. Ойыңызбен бөліссеңіз.
– Дұрыс айтасыз, сын бұрын да болған, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі күшеймей, бола да береді. Ұлттың ұлт болып сақталуы үшін ең бірінші – тілімізді жоғалтпауымыз керек. Ең алдымен, әрбіріміз қазақ тілінің жер бетінен жоғалып бара жатқан тілдер қатарына түспеуіне үлес қосуымыз керек. Орталықтың ұйымдастыруымен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге іс қағаздарының дұрыс жазылуы мен толтырылуы бойынша арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жұмыс барысында тілге байланысты туындаған сұрақтарына, аудармамен әдістемелік көмек көрсетіліп тұрады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, айтылған сынды дұрысынан қабылдап, сол жолда жұмыстар атқарылса еңбектің нәтижелі болары сөзсіз. Жалпы атқарылып жатқан істе, қол жеткізген нәтиже де, талпыныс пен ұмтылыс та бар. Жүргізілген бақылау да нәтижесіз емес екенін тілге тиек еткім келеді.
– Бұқаралық ақпарат құралдарындағы белсенділік қаншалықты жолға қойылған?
– Мемлекеттік тіл саясатына ақпараттық қолдау көрсету арқылы оны бұқараға кеңінен насихаттау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы өте зор. Бұл мемлекет идеологиясының маңызды әрі басым бағыттарының бірі десек қателеспейміз. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында тілдердің қолданылу аясын кеңейту және оны танымал ету, сондай-ақ, тіл мәдениетін арттыруда телеарналар мен мерзімді басылымдардың, интернет ресурстарының әлеуетін пайдалануға барлық мүмкіндік қарастырылған. Аталған кезеңде жергілікті БАҚ-да тіл саясатын насихаттау бойынша 59 материал, әлеуметтік желілерде 99 пост жарияланды. Қазір біз инстаграмм, фейсбук және тик-ток желілері арқылы халықпен тікелей жұмыс жасап, кері байланыс орнатқанды құп санаймыз. Сол себепті өз жұмысымызға қатысты барлық ақпаратты бірден осы әлуметтік желілер арқылы қалың бұқараға жеткізіп отырамыз.
– Альбина Оспанқызықызы, шаһарда атқарылып жатқан кешенді жұмыстар жөнінде кеңінен, жан-жақты талқылап әңгімелеп бердіңіз. Cұхбатыңызға көп рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ