Тамыз айы басталғаннан ата-аналар жаңа оқу жылына дайындыққа қызу кірісіп кетеді. Оқушының мектеп формасы, оқу құралдары, спорт киімі, сөмке, аяқ киім, қысқасы бұл науқанда қалтаны біраз қағуға тура келеді. Әрине, баласы үшін еш ата-ана аянып қалмасы анық. Барын салып, баласын ешкімнен кем қылмауға әрекет етеді. Қу тіршілік қос бүйірден қысқанда шарасыз күйге түсіп, баласын мектепке дайындай алмай қиналатын жағдайлар да жиі кездеседі.
Бүгінгі қымбатшылық жайлаған уақытта бір баланы мектепке даярлаудың өзі ата-анаға үлкен салмақ. Ал, үйде 4-5 баласы бар ата-аналар үшін бұл тіпті де күрмеуі қиын іс. Осы тұста ата-аналарға көмек көрсетіп, балаларды оқуға қажетті киім-кешек, құралдармен қамтуда жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Соның бірі – балалардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы.
2008 жылдан бастап тұрақты өткізіліп келе жатқан акцияға меценаттар, кәсіпкерлер, мекеме-ұйымдар, ұстаздар мен ата-аналар, жалпы жұртшылық белсене атсалысып келеді. Соның арқасында көптеген балдырғандар мектепке толық даярлықпен баруда.
Аталған көмек көп жағдайда аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларына, асыраушысынан айырылған және ерекше күтімді қажет ететін жеткіншектерге бағытталады. Аталған санаттағы балалар жалпыға бірдей білім беру қорынан да қаржылай көмек алады.
«Акцияның басты мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау және олардың әлеуметтік себептермен мектепке бармауын болдырмау мақсатында қажетті көмек көрсету.
Көптеген демеушілер үшін тамыз қайырымдылық айына айналған. Себебі олар жаңа оқу жылының алдында 30 күн бойы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуге тырысады», – деп акцияның маңыздылығына тоқталып өтті Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дастан Арнешев.
Иә, тамыз айының 19 және 20 жұлдызы аралығында Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі мен Саран қаласының білім бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен шаһардағы коммуналдық сауда павильоны аумағында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткен болатын.
Қайырымдылық шарасына саран шаһары мен Қарағанды қаласының кәсіпкерлері қатысып атсалысты. Акция барысында қаламыздағы аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларына, асыраушысынан айырылған және ерекше күтімді қажет ететін жеткіншектерге қажетті құрал жабдықтарымен мектеп формалары алып берілді, сондай-ақ қаржылай көмек көрсетілді.
Өз кезегінде ата-аналар аймақ кәсіпкерлеріне алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
«Әрине көңілден шығады, әр берілген затқа шүкіршілік етеміз. Рахмет бәріне. Жылда негізі әр балаға кем дегенде 70-80 мың теңге көлемінде шығады. 4 балаға арналған мектеп формасы, спорттық киімдері, тіпті аяқ киіміне дейін бәрі бар. Қол ұшын созып жатқан азаматтармыздың әрбір істеген игі амалдары сауапқа толы болғай!», – дейді көп балалы ата-ана.
Биыл он бесінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба көптеген отбасының мектепке дайындық жұмыстарын жеңілдетуге сеп болып отыр.
Жыл сайын тамыз айының алғашқы күнінен басталатын акцияға демеушілер мен меценаттар тарапынан көрсетілген көмек-қолдаулардың үлесі зор. «Бала – болашағымыз» деп ұрандатып, жиі айтамыз. Сол болашақтың алаңсыз ер жетіп, еліне еңбек етуі үшін жағдай жасап, үлгі болуымыз қажет-ақ. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дегендей, жасаған қайырымдылықты реті келсе жарияламауға болады. Әсіресе мектеп оқушысына сөмке сыйлап, оның суретін әлеуметтік желіге салу – баланың намысына тиюі әбден мүмкін.
«Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Өз кезегінде бейжай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады», – дейді Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев.
Индустриалды аймақ саналатын Саран шаһарында ірі кәсіп иелері жетерлік. Одан бөлек шағын кәсіпкерлердің де саны күн санап артып келеді. Олардың ешбірі қайырымдылық шарасынан шет қалмайтыны белгілі.
««Жақсылық – жүректен», «Жанашырлыққа – жан риза» демекші, бүгінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына қол ұшын созатын азаматтар мен мекеме ұжымдары жетерлік. Десекте, «Мектепке жол» акциясы тек кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарға арналған шара емес. Бұл бастамаға әрбір азамат атсалысып, өзінің үлесін қосуы қажет. яғни, көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасынан шыққан оқушыларға әрқайсысымыз қол ұшын беріп, жүздеріне күлкі ұялатуымыз керек», – дейді Дастан Ботабекұлы.
Иә, жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Үйдегі сауданы базардағы баға билеп тұрған заманда балаларды мектепке дайындау әрбір ата-ана үшін қиынның қиыны. Осы ретте көпке көмегін тигізіп, балаларға аялы алақанның жылуын сездіріп жүрген «Мектепке жол» акциясының тигізер шарапаты мол.
Ал осы бір маңызы зор «Мектепке жол» науқанының аясында берекелі, бірлігі жарасқан ел екенімізді танытып, барлығымыз бірдей мұқтаж жандарға көмек қолын созсақ, нұр үстіне нұр болары хақ.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ