18-27 тамыз аралығында Астана қаласында жасөспірімдер, орта жастағы спортшылар мен ардагерлер арасында «Таэквон-додан» әлем чемпионаты өтті. Чемпионатқа әлемнің 70 елінен келген 900-ге жуық спортшы қатысып, татамиде, өзара мықтыны анықтады.
Атап айтқанда, жаһан чемпионатына Албания, Алжир, Аргентина, Аустралия, Бангладеш, Беларусь, Бразилия, Болгария, Камбоджа, Канада, Чили, Қытай, Колумбия, Солтүстік Корея, Доминикан Республикасы, Англия, Эстония, Грекия, Гренландия, Гренада, Гаити, Гондурас, Гонконг, Үндістан, Иран, Ирландия, Италия, Жаңа Зеландия, Ямайка, Жапония, Қырғыз Республикасы, Мадагаскар, Малайзия, Моңғолия, Марокко, Непал, Нидерланды, Солтүстік Македония, Перу, Филиппин, Пуэрто-Рико, Ресей, ОАР, Испания, Швеция, Тәжікстан, Тринидад және Тобаго, Түркіменстан, БАӘ, АҚШ, Өзбекстан, Қазақстан елдерінен ең мықты деген спортшылар қатысты.
Шара барысында ITF таэквондоның отаны саналатын Солтүстік Кореяның спортшылары көрермендерге бір сағаттай өз өнерлерін паш етті. Айта кетейік, елімізде өтіп жатқан додаға қатысып жатқан Солтүстік Корея мемлекеті бірнеше жыл бойы түрлі әлем чемпионаттарына қатысудан бас тартып келген болатын. Оның ішінде Токио жазғы Олимпиадасы мен Бейжің қысқы Олимпиадасы да бар. Ал Қазақстанда таэквондоның ITF түрі 1989 жылдан бері қолға алынып келеді.
Жалпы әлем чемпионатының Астана қаласында өтетіні қаңтар айында белгілі болса керек. Жарысты өткізуге 5-6 мемлекет таласып, бақытымызға қарай, алғаш рет бізге бұйырған екен. Бұл додада жасөспірімдер, жастар, ересектер, ардагерлер әр санат бойынша жүлдегерлерді анықтады. Қазақстан құрамасының атынан қатысқан жасөспірім мен жастарымыз мықты болған екен. Спортшыларымыздың басты қарсыластары ретінде Солтүстік Корея, Аргентина, Грекия мемлекеттері деп саналса керек.
Міне, осы Қазақстан құрамасының қатысушылары арасында халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың жүлдегері, Ақтас кентінен Астана шаһарына ат басын терлетіп барған «Таэквон-до» бойынша жаттықтырушы Виктория Викторовна Дворецкая болған-тын. Виктория Дворецкая өзінің жас санатында «Таэквон-до» бойынша 1 орын және әлем чемпионы атағын алды.
Виктория Викторовнаны құттықтаймыз және оның тәрбиеленушілеріне спортта табыс және жоғары спорттық жетістіктер тілейміз.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ