Бұрын елімізде әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары киерге киім таппағандықтан, мектепке уақытылы бара алмай, қатарынан жиі қалып қоятын. Соңғы жылдары мемлекет аяққа тұрып, етек-жеңімізді жиғанымыз сол екен, тұрмысы төмен отбасылардың саны да азая бастады. Мұндай жанұядағы балаларды мемлекет қана емес, қайырымды жандар өз қамқорлығына алған.
Осындай жомарт азаматтар мен қоғамдық ұйымдар, түрлі мекемелер бірігіп, жыл сайын «Мектепке жол» акциясын өткізіп келеді. Ондағы мақсат – Қазақстандағы әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасау, яғни киімін, кітап-дәптерін, мектепке қажетті өзге де керек-жарағын түгендеп беру. Осы акцияның аясында жыл сайын бүкіл елде мыңдаған отбасыға көмек көрсетіліп келеді. Қайырымдылық шарасын негізінен жергілікті билік өкілдері ұйымдастырады.
Десе де сауабы мол игі дәстүрден Қазақстан Мұсылмандарының Діни басқармасы да қалыс қалған емес. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қайырымдылық бағытындағы іс-шаралырының бірі ретінде «Мектепке жол» акциясы республикалының барлық мешітерінде өткізіліп жатқан жайы бар.
Мына тіршілікте балалардың жүздері бал-бұл жанып, қуанып, шаттанғандарына ештеңе жетпейді. Мұны дін саласында жүрген азаматтар да жақсы түсінеді. Сондықтан болар, Саран қалалық мешітінің ұжымы жылда қалыптасқан дәстүр бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын биыл да тиісті деңгейде ұйымдастырды.
Қарағанды облысына қарасты мешіттерде жылдағы үрдіс бойынша жалғасын тауып жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткен аптадағы қасиетті жұмада Саран қалалық мешітінде де болып өтті.
Аймақтық мешіттің имамы Нұржігіт Оразалыұлы Мұсабековтің ұйымдастыруымен аталмыш мешіттің тізімінде тұрған әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж жанұялардағы балаларға сөмке, оқуға қажетті құрал-жабдықтары арнайы табысталды.
Мешіттің бас имамы Нұржігіт Оразалыұлының айтуынша, қайырымдылық акциясының шарапаты бұл жолы 19 балаға тиген.
«Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осы орайда барша оқушыларды құттықтай отырып, білім мен ғылымға, жаңашылдыққа құштар болуға шақырамын. Оқушылардың білім алуы үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуда. Бүгін міне, мешіт ұжымы мен мешіт жамағатының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе әрекет етуімен жиналған қаражатқа мешіттің тізімінде тұрған әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж жанұялардағы балаларға сөмке, оқуға қажетті құрал-жабдықтар алған жайымыз бар. Соны арнайы осы қасиетті жұма күні жамағаттың алдында табыстақ деген ниет болды. Негізі бұл шара бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мұрындық боуымен басталған игі шара екенін барлықтарыңыз жақсы білесіздер деп ойлаймын. Міне, осы шарапаты мен сауабы мол игі істі жалғап әкеткен біздің облыстың бас имамы Естай Әбдіғалидің тапсырмасы бойынша Саран қаласында да жалғасын тауып отыр бүгін. Бұл жалғыз Қарағанды облысында емес, республика бойынша барлық жерлерде өтіп жатқан шара. 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Осы тұста мына біздің мешіттің тарапынан ұйымдастырылп жатқан осы тектес барлық қоғамдық һәм қайырымдылық шараларға атсалысып жүрген мешіт жамағатына, қала жұртшылығына ерекше алғыс айтқым келеді», - деді Саран қаласы мешітінің бас имамы Нұржігіт Оразалыұлы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында қуанышқа бөленген балғындар мен ата-аналар өз кезегінде сауапты шараға ұйытқы болған Саран қалалық мешітінің имамы мен қызметкерлеріне алғыс-тілектерін айтты.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ