Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

2023 жылдың 1 қыркүйегінде Президенттік жастар кадр резервіне жаңа іріктеу басталды. Жоба мемлекеттік аппарат үшін талантты, перспективалы және өршіл жастардың, өмірлік мақсаттары мен принциптері қоғамға қызмет етуге бағытталған өз саласындағы мамандардың қатарынан топ менеджерлердің кадр резервін қалыптастыруға бағытталған.

Конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімі, кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар және орта деңгейден төмен емес мемлекеттік тілді меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Ұлттық стандарттарға сәйкес бұл В1 деңгейі.

Резервке іріктеуге Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервіндегі адамдар қатысуға жіберілмейді.

Байқау қорытындысы бойынша 50 резервші іріктеледі.

Президенттік резервтен тағайындау мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына көзделеді.

Резервте болу мерзімі - 3 жыл.

Іріктеудің алғашқы кезеңдеріне мыналар кіреді: үміткерлердің құжаттарын қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу.

Қатысушылардың кең ауқымы үшін тең жағдай жасау мақсатында бұл кезеңдер қашықтан өткізіледі. Барлық ниет білдірушілер конкурсқа тіркеліп, өңірлерден шықпай, тіпті шетелде алғашқы кезеңдерден өте алады.

Кандидаттардың құжаттарын қабылдау а.ж. 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz онлайн-платформада жүргізілетін болады.

Тіркелу үшін тек 4 құжат ұсыну қажет:

1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) білім туралы құжаттың көшірмесі;

3) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;

4) нәтижесі орта деңгейдегі белгіленген талаптарға сәйкес келетін мемлекеттік тіл бойынша тестілеуді тапсыру туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат.

Мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат алу үшін кандидат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығында (қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ) не Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының QAZAQ RESMI TEST (ресми-іскерлік қазақ тілін тестілеу жүйесі) қазақ тілін тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден өтуі қажет.

Мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат болмаған жағдайда  өтінім беру кезінде үміткерге «ҚАЗТЕСТ» немесе «QAZAQ RESMI TEST» жүйесі бойынша тестілеуден өту үшін сілтемелер ұсынылады.

Бұл ретте, кандидат тиісті сертификат алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркеуді аяқтай алады.

Тіркелгеннен кейін қатысушылар мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өту уақытын брондауы, сондай-ақ ситуациялық мәселелерді шешу үшін бағытты таңдауы қажет.

Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға және оның нәтижелерін тексеруге мүмкіндік беретін екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.

Тестілеуді тапсыру тілін үміткер өз бетінше таңдайды. Үміткер тапсырмаларға кандидат таңдаған уақытта жеке кабинетте қол жеткізе алады.

Келесі кезең – «Ситуациялық мәселелерді шешу». Осы кезең шеңберінде кандидаттардың ситуациялық міндеттер түрінде жасалған нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалау арқылы олардың кәсіби құзыреттері айқындалатын болады.

Кезең онлайн-платформада эссе жазу форматында өтеді.

Осы кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген кандидаттар резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.

«Құзыреттілікті бағалау» кезеңі екі блоктан тұрады: ассессмент-орталық - офлайн форматта өтеді және құзыреттілік бойынша сұхбат онлайн өтеді.

Ассесмент-орталық арқылы бағалау мінез-құлық көрсеткіштерінің жиынтығы арқылы белгілі бір мінез-құлық құзыреттіліктері (стратегиялық ойлау, белсенділік, іс-әрекетті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік) анықтауға бағытталған.

Ассессмент-орталықтың нәтижелері бойынша әрбір кандидатқа олардың жеке кабинеттерінде орналастырылатын қысқаша есептер тұжырымдалатын болады. Қорытындысы бойынша құзыреттерді бағалаудың келесі блогына ең жақсы нәтиже көрсеткен кандидаттар жіберілетін болады.

Құзыреттер бойынша сұхбат кәсіби HR-менеджерлерді тарта отырып, жеке терең сұхбат түрінде өтеді. Сұхбат үміткерлердің ішкі мотивациясын және құндылық бағдарларын анықтайтын құзыреттерді анықтауға бағытталған.

Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар сараптама комиссиясының мүшелерімен әңгімелесуге шақырылады.

Сараптамалық комиссия отырыстарының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын кандидаттардың тізімі қалыптастырылады.

Конкурстың қорытынды кезеңін Ұлттық комиссия өткізеді, ол өз отырысында сараптама комиссиясы ұсынған ең үздік кандидаттарды қарайды. Отырыс қорытындысы бойынша комиссия Президенттік резервке 50-ден аспайтын кандидатты қабылдау туралы шешім қабылдайды.

Іріктеу қорытындысы бойынша 2019 жылы резервке 300 адам, 2021 жылы – 50 адам қабылданды. Резервке алынған 350 адамның 264-і немесе резервшілердің жалпы санының 75%-ы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына жұмысқа орналастырылған. Олардың ішінде орталық мемлекеттік органдарда 128 адам, жергілікті атқарушы органдарда 38 адам, ұлттық компанияларда 57 адам, басқа ұйымдарда 41 адам бар.

Оның ішінде 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалды, 1 резервші Парламент Мәжілісінің депутаты және 2 резервші мәслихат депутаты болып сайланды. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу-бұл жас және талантты жаңа буын мамандары үшін ашық конкурс.

Көшбасшылар қатарына кіру мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!

Президенттік резервке іріктеу бойынша толық ақпаратпен pkrezerv.gov.kz сайтында танысуға болады.

Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары Президенттің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығымен регламенттелген.