Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұрасы. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттық тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» – деген.
Тілдің көмегімен өнерді, білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткенімізді саралап, сабақ аламыз. «Өнер алды – қызыл тіл» деген осыдан шыққан болар.
Кез келген тілдің болашағы - балалардың, жастардың қолында. Балалардың тілді білмеуі, ұмытуы - ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан ең әуелі әрбір отбасы өз шаңырағындағы тіл саясатын түзеуі шарт.
Бүлдіршіндер елдің ертеңгі иесі, мемлекеттік тілді ары қарай өркендетіп, әр салада берік орнықтыратын жанашырлары екені мәлім. Бүгінгі күні мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, оның ішінде басқа ұлт өкілдері балаларына қазақ тілін үйрету іске асырылуда, бұл өзінің нәтижесін беруде.
Бұған дәлел - осы балабақшаны тәмамдаған бірнеше ұлт өкілдері балаларының Саран қаласындағы Абай атындағы қазақ мектебіне білім алып, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
Осы бағытта әр ата-ана біздің елдің –болашағы қазақ тілінде екенін сезініп, балаларын ең алдымен өз ана тілін үйретуге бағыттаса дұрыс болар еді.
Өкінішке орай бүгінгі күні өзіміздің жергілікті ұлт өкілдері балаларын өзге тілді мектептерге жолдап отырғанын көріп қынжыласың. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай сақтауы және қадірлеуі тиіс. Ана тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.
Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да «Мемлекеттік тілдің проблемасы – тек қазақ халқының ғана проблемасы» - деп қарауға болмайды. Әлемдегі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет істейтіндердің бәрі бұл тілді білуге міндетті. Онсыз ол мемлекеттік тіл болып есептелмейді. Конституциялық талап осы. Оған қоса мәдениеті жоғары адам басқа тілдерді білуге өзі де ұмтылуға тиісті.
Тілді үйренуге барлық жағдай жасалған, тек ынта болса болды. «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ-не мемлекеттік, ағылшын тілдерін үйрету тегін негізде жүзеге асырылады. Біздің мекеменің қызметкерлері осы орталықта мемлекеттік, ағылшын тілдерін үйрету курстарынан өтіп, сертификаттар иеленді. Олар алған білімдерін жұмыс барысында пайдаланып жүр.
2023 жылдың жартыжылдығында мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі кіріс құжаттамасының көрсеткіші 95%-ды, шығыс құжаттамасының көрсеткіші 99% - ды құрады.
Басқармада ұйымдастыру-басқару құжаттары, негізгі қызмет және жеке құрам бойынша бұйрықтар, жедел кеңес хаттамалары мемлекеттік тілде шығарылады. Істер номенклатурасы, қызметкерлердін функционалдық міндеттері, барлық шығыс құжаттары мен мемлекеттік мекемелермен хат алмасу мемлекеттік тілде жүзеге асырылуда.
Басқарма қызметкерлеріне мемлекеттік тілде құжаттарды әзірлеу барысында мемлекеттік тілді дамыту мәселелерімен айналысатын маман консультативтік және әдістемелік көмек көрсетеді.
Тіліміздің мәртебесін көтеру, өз тұғырына қондыру бағытаныда атқарылып жатқан жұмыстар бұдан кейін де жалғасын табады. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әр отбасында, әр салада осы мәселеге аса жауапкершілікпен қарап, аянбай жұмыс жасаса, көздеген мақсатымызға қол жеткізеріміз айқын!
Тіл тағдыры - ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық!
Г. Шакенова,
«Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ-нің бөлім басшысы