Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында шенеуніктерге қарапайымдылық жетіспейтінін айтқан болатын. Өз сөзінде ол бүгінде халықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді.

«Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын.

Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс.

Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей.

Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе...», - деген еді мелекет басшысы сұхбатында.

Міне, осы қағидатты берік ұстанған Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов үстіміздегі жылғы 4 қазанда қалалық мәдениет үйінің ғимаратында халықтың жеке мәселелері бойынша жоспарланған кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді.

Бұл жолы Еркін Энглисұлы Ауған соғысы мен Тәжік-Ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан ардагерлермен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын білді. Ардагерлер негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала, инфрақұрылым, орталықтандырылған жылу жүйесі, газ, жарық, су мәселелері бойынша отыздан астам талап-тілектерін жеткізді. Кездесу барысында келіп  түскен барлық талап-тілектер тіркеліп, толымды жауаптар берілді.

Қосымша зерделеуді және тексеруді талап ететін бірқатар сұрақтар бақылауға алынды. Кері байланыс тәртібінде қарау нәтижелері жақын арада арыз иелерінің назарына жеткізілетін болады.

Ардагерлер ашық диалог форматында өткен шараға оң баға беріп, билік өкілдерінің мұндай форматтағы кездесулерді жиі өткізулеріне ниет білдірді.

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор