Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Мамандық атаулының төресі - ұстаздық. Сол себепті де білім ошағының дүрсілдеген жүрегі болып саналатын мұғалімге көрсетілер құрмет зор болуы тиіс.

Сондықтан болар, жыл сайын игі дәстүрге айналған ұстаздар күні № 17 мектеп-гимназиясында ерекше аталып өтті. Ұстаздарды ұлағаттаған салтанатты шараға аталған білім ошағынеың директоры Никити Максименко, педагогикалық еңбек ардагерлері, мектеп ұжымы, оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұстаздарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген.

Мерекелік шара барысында ұлағатты жандар марапатқа бөленіп, көңіл-күй көтерілді. Құттықтау сөзін алып, ұстаздар қауымына деген жылы лебізін білдірген мектеп-гимназияның директоры Никита Валерьевич педагогикалық еңбек ардагерлері мен білім ошағының бірқатар ұстаздарын марапаттады.

- Құрметті ұстаздар, білім беру саласының ардагерлері! Сіздерді айшықты мереке ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мұғалім – рухани байлықтың таусылмас қайнар көзі. Ұстаздық ұрпақ тәрбиесін, ұлт тәрбиесі деп ұғынған жандардың ұлы жолы. Осындай даңғыл жолдағы жауапкершілігі мол істеріңіз жаңа жеңістер мен толағай табыстарға толы болсын. Сондықтан ұстазға деген құрмет мұғалімге деген қамқорлық біз үшін елдік ұстаным әрі мемлекеттің саясатының маңызды бөлігі. Егемен еліміздің келешегі жас ұрпаққа тағылымды тәрбие мен терең білім беру жолында атқарып отырған еңбектеріңіз нәтижелі болсын. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт және шығармашылық табыс тілеймін. Мереке құтты болсын!, - деді № 17 мектеп-гимназиясының директоры Никита Максименко.

Табиғаттың қоңыр күзінде көңілге қуаныш сыйлап, әдемі теңеумен тілек айтылған шара одан әрі мектеп оқушылары ұйымдастырған ерекше форматтағы мерекелік концертке ұласты.

Мектеп өмірі фильм сияқты ғой, кейде бұл экшн-фильм, кейде комедия, кейде мелодрама. Әр мұғалім актер секілді. Бір жұмыс күні көп эмоцияларды сезінеді, шәкіртінің жетістігіне қуанады, кейде бір қылығына ренжиді дегендей. Әр сабақ, іс-шара, серуендеу, пикниктер - актердің шеберлігі ғана емес, сонымен қатар режиссердің таланты да. Әрине, әр мұғалім - актер, режиссер, продюсер, тіпті дыбыс операторы! Осының бәрі ерекше концертте қамтылған. Яғни оқушылар ұстаздарға арналған әндерді шырқап, «День мучителя» көңілді шоу-бағдарлдама бойынша көрініс ұсынды.

Өз ұстаздарына алғыс айтып, мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында № 17 мектеп-гимназиясының оқушылары өз өнерлерін тарту етті. Іс-шара соңында мектеп-гимназияның оқытушылары оқушыларға жылы лебіздерін білдіріп, алғыспен тарқасты.

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ