Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Мемлекет басшысының әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы осыған саяды. Бүгінде әкімдер тұрғындардың әрбір уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселеге тереңнен үңілуге кірісіп кетті.

Мәселен, әкім болып сайланғанына бір айға толар-толмас уақыт ішінде Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов шаһар тұрғындарымен бірнеше кездесулер өткізіп, жұртшылықты мазалаған сұрақтарға жауап беруге тырысуда. Сондай-ақ мұндай кездесулердің төрттен бір бөлігі ғана өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы қысқаша таныстырып өтуге арналса, қалған бөлігі қала тұрғындарының сауалдарына арналуда.

Осындай кездесулердің бірі үстіміздегі жылғы 12 қазанда қалалық мәдениет үйінің ғимаратында өтті. Бұл жолы Еркін Энглисұлы мәдениет пен спорт саласының өкілдерін қабылдап, олардың жеке мәселелерін қарастырды.

«Қайырлы күн. Алдымен баршаларыңызға өзімді таныстырып өтсем. Менің есімім Еркін Баулықов. Қыркүйек айының 21 жұлдызынан бастап осы Саран қаласының жаңа әкімі болып тағайындалған болатынмын. Сол сәттен бастап әр салада қызмет жасап жүрген қала тұрғындарымен осы тектес кездесулер өткізіп келемін. Бүгінгі кездесуіміз де солардың бір жалғасы дер едім.

Сол себептен де бүгінгі кездесуге мәдениет саласының қызметкерлері мен спортшыларды шақырған болатынбыз. Ондағы мақсат – өздеріңізбен жүздесіп, қаламыздың мәдениет пен спорт бағытында айтылмай қалған немесе көп жерлерде көтерілмей жүрген қандай көкейкесті мәселелері бар екенін тікелей өздеріңізден естіп біліп, солардың түйінін тарқату.

Біз келесі жылға арнайы жоспар әзірлеп жатқан болатынбыз. Сондықтан да келесі жылға арналған бюджетті бекітуден алдын барлық мәселелерді егжей-тегжейлі біліп, анықтап алу мақсатында осы қазан айында барлық кездесулерді өткізіп алып, мәселелерді нақтылап алсақ деген ниетіміз бар.

Сондықтан еркін форматта, сұрақ-жауап, диалог түріндегі сүбелі сұхбат құруды ұсынамын сіздерге. Кімде қандай сұрақ бар, ұялмай, қысылмай қоя берсеңіздер болады», - деді кездесу шымылдығын түрген Еркін Энглисұлы.

Жиналған қауым қала әкіміне спорт және мәдениет бағытындағы көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, саланы дамытудағы маңызды бастамаларын жеткізді. Ал әкім кездесу барысында келіп  түскен барлық талап-тілектер мен сұрақтарды мұқият тыңдап, толымды жауаптарын берді.

Қоғамдағы кез келген қадам көпшіліктің назарынан қалыс қалмайтыны белгілі. Ендеше «халықтан асқан сыншы жоқ» деудің мағынасын жете түсіне білген қала басшысы Еркін Баулықовтың игі бастамасына кездесуге келген жұртшылық дән ризашылықтарын білдірді.

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор