Үстіміздегі жылғы 11 қазанда Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің қабырғасында аталған білім ошағы студенттерінің қатысуымен есірткі қылмысының алдын алу бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аталмыш игі шара Қарағанды облысы полиция департаментініне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылса керек.
Ел болашағы жастармен болған кездесу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Нұрым Садуақасов есітркі қолданудың зияны һәм есірткіні заңсыз таратуға қатысты болған тұлғалардың қандай құқықтық жауапкершілікке тартылатыны туралы түсіндірді. Сонымен қатар ол мұндай іс-шаралар жасөспірімдер мен жастардың есірткіге қарсы тұрақты санасын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу барысында ашық диалог өтті. Қарағанды облысы полиция департаментініне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері мен студенттер нашақорлыққа қарсы күрес шараларын, есірткі заттарын өткізу мен таратқаны үшін жазаларды, нашақорлық мәселелері бойынша деректер мен статистиканы талқылады.
«2023 жылдың басынан бастап Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлерімен есірткі таратқаны үшін 14 пен 15 жастағы 3 кәмелетке толмаған жандар ұсталды. Бұл үш адамның біреуі 14 жастағы қыз бала болса, екеуі 15 жастағы жасөспірім ер балалар.
Міне осы тақауда ғана, яғни үстіміздегі жылғы 20 қыркүйекте жаңағы 14 жастағы қыз балаға есірткі таратқаны үшін 8 жыл бас бостандығынан айыра отырып, түрмеге қамау арқылы жазаға тарту туралы соттың үкімі шықты. Ал енді бір сәтке ойланыңыздаршы, балалар! Осының бәрі оған керек пе еді?! Артында зар жылап ата-анасы, туған-туыстары мен дос-жарандары қалды. Бұл бір тараптан. Екіншіден, енді ғана басталып келе жатқан өмірінің ең қызыққа толы сәттеріндегі сегіз жылы түрмеде өтпек. Не үшін? Әрине, есірткі таратқаны үшін...», - деді кездесу барысында Қарағанды облысы полиция департаментініне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Нұрым Садуақасов.
Иә, соңғы кездері еліміздеа синтетикалық есірткімен айналысатын қылмыскерлер жиі ұсталады. Бұрын полиция ақпарынан апиын, героин, гашиш пен марихуана туралы ғана білсек, қазір «меф», «мяу», «соль», «кристалл» деген есірткі түрлерін естіп жүрміз. «Синтетика» өсімдік шикізатынсыз арнайы лабораторияларда оңай әрі тез дайындалады. Тек химияны білу және дәріхананың кәдімгі дәрі-дәрмектері қажет.
«Қазіргі есірткі сатушылардың жұмысына егжей-тегжейлі тоқталайық. Дозаны алу үшін «алыпсатарларға» баратын ескі сызба өткеннің еншісінде қалды. Техникалық прогресс есірткі сатушыларға Интернетке шығуға мүмкіндік берді. Яғни инстаграм, Вконтакте, Уатсап, Телеграмм желілерін пайдаланады. Әсіресе телеграм желісін қолданады. Мұнда олар өздерін қадағалау мүмкін емес деп ойлайды. Алайда мен сіздерге бір кішкентай құпия ашайын, ол мүлдем олай емес. Ондай қылмыс түрлерімен айналысатындарды ұстау үшін полицейлерге, яғни біздерге бар-жоғы ол адамның телефон нөмірін білсек болды. Қазір көбіміздің пайдаланып жүрген телефондарымыз iOS немесе Android платформаларының базасында жұмыс жасайды. Ал бұл платформаларда телефон иесінің барлық ақпараттары сақталып қалатын арнайы жүйелері болады. Сіз тіпті телефоныңыздағы аудио, видеофайлдар мен телефоныңыздың браузеріндегі Google немесе Yandex сынды ақпараттық жүйелердің іздеу жолағында жасаған барлық іс-әрекеттері манағы iOS немесе Android платформаларының тарихында сақталып қалады. Осылайша біз ондай қылмыскерлерді тез тауып аламыз», - дейді Нұрым Садуақасов.
Жұмыс істейтіндер - лабораториядағы администратор, курьер, «гранатчик», «закладчик» пен «тұтынушы» болып бөлінеді дейді Қарағанды облысы полиция департаментініне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері.
«Мәселен, Қарағандыда синтетикалық есірткі дайындалып болғаннан кейін, курьер Саранға алып келеді. Ол бұл қызметі үшін тиісті сыйақы алады. Саранға келген соң, оны бір жерге көміп кетеді. Ол көмген жерге «гранатчик» келіп, тауарды алып, белгілі граммдармен өлшеп, тауарды бөледі. Бұл қызметіне ол да өз жалақысын алады. Осыдан кейін ол да басқа жерге тығып кетіп, «закладчикке» мекен-жайды фотоға түсіріп жібереді. «Закладчик» алып кетіп, администратор айтқан жерге есірткілерді тығып кетеді. Ол бір мекен-жай үшін өз тиісті жалақысын алады. «Закладчиктер» есірткі нарығының қара жұмысшылары, көбінесе ұсталып, сотталатындар да осылар», - дейді ол.
Міне, осы мәселелер төңірегінде студент жастармен әңгіме өрбіткен Қарағанды облысы полиция департаментініне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері жастарға жөн сілтеп, пікір алмасты, есірткі, ішімдік сынды улы заттардан аулақ жүру керектігін ескертті.
Сонымен қатар, «олардың кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге сатылып жүргенін байқасаңыз бірден полицияға хабарласып ескерткендеріңіз жөн», - деді өз сөзінде.
«Қоғамды жайлаған індетпен күресіп, нашақорлықты алдын алу мақсатында күнделікті жұмыстар атқарылуда. Есірткі қолдану – өмірді балта шабумен тең. Біз жастармен осындай кездесу ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – есірткісіз қоғам құрып, жарқын болашағымыз өз қолымызда екендігін жеткізу. Заң аясында есірткіні қолдану, оны сатумен айналысуға тыйым салынып, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын түсіндіру», - дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Нұрым Садуақасов.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ
Суретті түсірген автор