Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақ елінің асыл мұраты – Мәңгілік Ел идеясы болса, мәңгілік елдің мәңгілік тілі – қазақ тілі.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік ұғымымен тікелей байланысты, яғни бабалардан аманат болып келе жатқан күмбезді тілімізді саф күйінде келер ұрпаққа жеткізу – біздің заманымыздың үлесінде. Тілдің тағдыры – елдің тағдыры, ол мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің ісімен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қазақ халқының әр перзентінің атқаратын қызметі мен қосатын үлесі зор. Өйткені, тіл мәселесі өте маңызды мәселе,біріншіден, тіл – өзімізді ұлт ретінде сақтаудың қорғаны, екіншіден, барлық қазақстандықтарды біріктіруші ортақ байлығымыз. Сондықтан, мемлекеттік тілді білу – әр жанұяның, әр ұжымның негізгі мақсаты, біз тіл арқылы ғана ата – бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманаттай аламыз.
Қазіргі кездегі басты міндетіміз – мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, қоғамымыздың жетекші салаларындағы тілдік қолданысты арттыру. Бұл мәселені шешу жолдары «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» айқын көрсетілген.
Бүгінгі күні Қазақстан дамудың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Ашық демократиялық қоғам орнатып, әлемдік кеңістікке кірген. Қазақстанның даму жолы посткеңестік елдердің көпшілігіне үлгі – өнеге боларлық. Мұндай жетістіктерге қол жеткізуде көптеген даму стратегиялары белгіленіп, сол стратегияларды жүзеге асыруды басымдықтармен жіктеп, оның жүзеге асырылуын Президентіміз қатаң қадағалап, жылдағы халыққа Жолдауында барлық халыққа мәлімдеп отыр. Сондықтан, басты нысананың бірі – мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің, ұлттық тіліміздің даму үрдісін үдету, мерейін асқақтату, толққанды өз қызметін атқара алатын, еркін өмір сүре алатын жанды, өшпес жүйе ретінде орнықтыру. Бүгінгі қоғамның да алға қойып отырған басты талаптарының бірі – өз ойымен пікірін, өз ана тілінде еркін жеткізе алатын, сол арқылы кез келген ортаға тез бейімделе білетін, сөйлеу тілі дұрыс қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Тіл – қатынастың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың жаны әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат. Тіл – ұлттың төлқұжаты, мемлекеттің тұғыры. Осы қағидатты ұстанып отырған құзырлы орган – полиция бөлімінің ауқымды істері өз жалғасын таба береді, өйткені тіл білу – бәскеге қабілетті бүгінгі заман адамының басты міндеті!
Ж. Джумашева,
Саран қаласының
полиция бөлімі