Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің ғана еес, күллі түркі жұртының шоқтығы биік қаламгері Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр.
Осы мерейтойға орай 16 қазанда № 6 жалпы білім беретін мектепте қалалық тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен шаһар мектептерінің ұлты қазақ емес бастауыш сынып оқушылары арасында «Мемлекеттік тіл - мерейім» атты қалалық байқауы өтті.
Ондағы мақсат Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңын, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, бастауыш сыныптағы ұлты қазақ емес оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау және оларды ынталандыру, әрі қарай сол тілге деген насихатты, патриотизмді қалыптастыру, ұлтаралық ынмақтастықты нығайтуды көздейді болды.
«Таныстыру», «Менің Отаным», «Жалғасын тап» атты үш кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде меңгере алғандарын көрсетті. Тіл байқауында үш кезең бойынша қатысушылар өздері жайлы мемлекеттік тілде мағлұмат беріп, мақал-мәтелдерді жатқа айтты. Қазақтың қабырғалы қаламгерлері Мағжан Жұмабаевтың туындыларын оқып, өз өнерлерін паш етті.
Сайысқа тілді сүйемін, білемін, үйренемін, ойға түйемін деген мақсатпен қатысқан оқушыларға Саран қаласы Аналар кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері Гүлжан Жүсіпбекова мен «Қазақ тілі» қоғамының Саран қаласындағы филиалының төрағасы Береке Жарылғапова төрелік етті.
Нәтижесінде № 16 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Анна Букас бас жүлдені ұтып алса, № 1 мектеп-лицейінің оқушысы Илья Сон мен № 6 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Кристина Булдаковаға 1 орын, № 1 мектеп-лицейінің оқушысы Эрик Никитинге, № 7 жалпы білім беретін мектеп интернатының оқушысы Мубина Мирзаеваға, № 16 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Виталина Шляйгерге 2 орын, ал № 17 мектеп-гимназиясының оқушысы Ульяна Гавровскаяға, № 2 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Насият Арсаеваға, № 6 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Айлин Байрамоваға, № 7 жалпы білім беретін мектеп интернатының оқушысы Дмитрий Сивенковқа 3 орын бұйырды.
Қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханованың айтуынша, аталмыш конкурс негізінен Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау тақырыбы аясында өтті.
«Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев, қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі түркі жұртының шоқтығы биік қаламгері. Мағжан өзі үшін емес, Алаш жұрты үшін ұлт жолында жанын қиды. Бірақ, еткен еңбек, қылған қызмет және ең бастысы – Сөз қалды, артында. Ол – санқырлы тұлға: Мағжан – педагог, Мағжан – ақын, Мағжан – қайраткер, Мағжан – аудармашы. Биыл алаш қайраткерінің туғанына 130 жыл толып отыр. Аталмыш конкурсты біз артына өшпес мұра қалдырған көрнекті қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына арнап отырмыз», – дейді қалалық тіл орталығының басшысы Альбина Нұрмаханова.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ
Суретті түсірген автор