13 қазан жұма күнінде Саран қаласының мешітінде Екі дүние сардары, адамзаттың асыл тәжі болған, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы «Мәуліт» мерекесі мәнімен мерекеленді.
Қазіргі жыл санаумен 571 жылы сәуірдің 20-сында рабиғәл-әууәл айының 12-інші жұлдызында Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа Меккеде дүниеге келген. Ислам әлемінде және еліміз Қазақстанда аталмыш уақытқа мән беріліп, Пайғамбарымыздың өмір баяны мен жеке танысу, Алла разылығы үшін мәуліт қасидасын айту дәстүрі жыл сайын жалғасын табуда.
Саран шаһарының мешіті жылдағы үрдіспен биыл да мәуліт мерекесін ерекше атап өтті. Жұма намазына дейін Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің найб имамы Хумар Қоныскерей жиналған жамағатқа Пайғамбарымыздың өнегелі ғұмырынан мысалдар келтіре отырып, «Туған туыстың хақы» жайында уағыз айтып, қазақы құндылық һәм ұлттық салт-дәстүрімізден керемет мысалдармен жұма күнгі уағыздың мәнін ашты.
Уағыздан кейін Әл-Машани мешітінің ұстазы Дастан Абрахманов ардақты пайғамбарымызға арналған мәуліт жырын оқып, бата жасалды.
«Бисмиллахир-рахманир-рахим! Әлхамдулилләһ! Әлхамдулилләһ! Әссәләмә ғәләйкум уа рохматуллаһи уә бәрәкәтуһ құрметті мұхтарам жамағат! Аллаһ Тағалә баршамыздың дұға-тілегімізді қабыл алсын. Қасиетті жұмаға басып келген қадамдарыңызды сауаптан қылсын. Сондай бір бүгін нұр үстіне нұр болып жатқан күн. Қасиетті жұмада мәуліт шәрифті оқығалы жатырмыз. Инщәалла Аллаһ тағәлә сіз бен біздің салауаттарымызды қабыл етсін.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кімде кім бір салауат айтатын болса, Аллаһ тағәлә оған он жақсылықты жазады, он күнәсін кешіреді, он есе дәрежесін өсіреді дейді. Міне, сіз бенен біздің бүгін Алла қаласа осы мәуліт шәрифті оқып, осы жерді берекелендіріп, әрбірімізден Аллаһ тағәлә салауатымызды қабыл алсын деген ниетпен Әл-Машани мешітінің ұстазы Дастан бауырымызды шақырып отырмыз. Енедеше, бисмилләһ деп, иншәалла мәулітімізді бастасақ», - деді мәуліт жыры оқылардың алдында Саран қаласы мешітінің бас имамы Нұржігіт Оразалыұлы.
Содан кейін Әл-Машани мешітінің ұстазы Дастан Жанқозыұлы өзіміздің Бұқара жерінде дүниеге келген имам Бухаридің немересі Қасым атты үлкен ғалымның жазған мәуліт шәрифін оқыды. Дастан ұстаздың оқыған мәуліт жырын ұйып тыңдаған жамағат, иамадармен бірге ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтты.
Одан кейін Саран қаласы мешітінің наиб имамы Мұхамедқали қажы Саликов «Оқылған құран мен мәуліт шәріп шарапатымен елімізді нұрландыруын және қаламызды бейбіт мекенге айналдыруын нәсіп етеуін тілейміз», - деп дұға жасады.
Жұма намазынан кейін мешітте мәуліт мерекесіне арналған дастархан ұйымдастырылып, дастархан басында Саран қаласы мешітінің бас имамы Нұржігіт Мұсабеков жиналған жамағатқа Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі ғұмырынан уағыз айтып, сахабалардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббатын керемет мысалдармен түсіндірді.
«Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят)» - деп, жиылған жамағатқа қасиетті мәуліттің маңызын айтып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады дастархан басында Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің найб имамы Хумар Қоныскерей.
Дастархан басында имамдар мәуліттің шығу тарихынан бастап, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі, көркем мінезі жайлы тағылымды әңгімелер, имандылық, дінаралық татулық пен бірлік туралы уағыз айтты.
Осы тұста айта кету керек, Саран қаласы мешітінің ұйымдастыруымен 2023 жылғы 19 қыркүйек мен 13 қазан аралығында мешіт жамағаты арасында бір ай уақыт бойы «Салауат айту» сайысы ұйымдастырылған болатын. Міне, мәуліт кешіне арналып жайылған дастарханнан кейін аталмыш салауат айту марафоны мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.
Шара барысында Саран қалалық мәслихатының депутаты Жанбол Жаяубаев, Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің найб имамы Хумар Қоныскерей, Саран қаласы мешітінің бас имамы Нұржігіт Мұсабеков аталған сайыстың нәтижесін жариялап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Марапаттау рәсімі барысында олар бірінші орынды иеленген жеңімпаз бен жүлдегерлерге қаржылай сертификаттарды табыстады.
Айта кететін болсақ, бір ай бойы жалғансқан «Салауат айту» сайысында 547 мың 898 рет салауат айтқан Бәтима Жетпісова апамыз 1 орынды жеңіп алса, 243 мың 528 рет салауат айтқан Жангүл Хайратбек екінші орынды, ал 227 мың 528 рет салауат айтқан Наурызгүл Хамит үшінші орынды иеленді.
Салауат айту сайысы марафонында бір айға жуық уақыт ішінде Саран қаласы бойынша бар жоғы 60 адам қатысса, осы сайыс өткен уақыт ішінде ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барлық қатысуышлармен жалпы саны 2 миллион 70 мың 727 рет салауат айтылған екен.
Жиын соңында, мешітақсақалдары келген имам-молдаларға, қонақтарға алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Соңынан Құран оқылып еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы үшін дұға жасалып тарқасты.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ
Суретті түсірген автор