Бүгінгі қоғамның дерті – алаяқтық. Бұлай дейтінімізге негіз де бар. Саран қаласы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Талғат Оспановтың мәліметінше, тек ағымдағы жылдың өзінде біздің қаламыздың тұрғындарына алаяқтық шабуылдармен 80 000 000 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
Ақпараттық технологияның заманы билеп тұрған уақытта, әрине, оны пайдаланбай өмір сүру мүмкін емес. Алайда интернетті қолданбау мүмкін емес деп алаяққа жем бола береміз бе? Немесе алаяқтар өзгенің ақшасына қалай оп-оңай қол жеткізеді? Алаяқтардың құйтырқы әрекетіне қайтсек тоқтау қоя аламыз? Осы және өзге де сұрақтарға Саран қаласы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Талғат Оспанов № 9 арнайы мектеп-интернаты ұжымымен болған кездесу барысында жауап берді.
Бұл жай ғана сөз емес, Талғат Оспановтың мәлімдеуінше тек ағымдағы жылы Саран шаһары тұрғындарына алаяқтық шабуылдармен 80 000 000 миллион теңгеден астам шығын келтірілсе, оның 60 000 000 миллион теңгесі банк қызметкерлерінің «өтірік» қоңыраулары, биржалық инвестициялар, сауда платформаларында тауар сатып алу сияқты алаяқтық түрлеріне тиесілі.
Ал 20 000 000 миллион теңге жол көлік оқиғаларына ұшырады мыс деген жалған ақпаратпен туысқандарына қоңырау шалу сияқты алаяқтық түріне тиесілі.
«Егер сіз алаяқтармен диалогқа кірсеңіз, оларға сіздің кім екеніңіз, қайда екеніңіз, неше жаста екеніңіз, не істеп жатқаныңыз маңызды емес, алаяқтарға сіздің телефон нөміріңіз және эмоционалдық күйіңіз ғана қажет», - дейді сұрақтарға Саран қаласы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Талғат Оспанов.
Мәселен, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап жақын туысы жол-көлік оқиғасын жасап, оның кінәсінен адамдар қайтыс болды деген желеумен алаяқтардың қоңырау шалу фактілері жиілеп кеткендіктен, мамыр айында Саран қаласының бір тұрғыны алаяқтарға 11 000 000 млн. теңге мен 5000 АҚШ долларын алып, жол апатына ұшыраған немересіне көмектеспек болған.
«Егде жастағы әйел адамды алаяқтар 10-12 сағат бойы сөйлесіп, «көндірген», үнемі байланыста болып отырған, егер ол трубканы қойса, немересіне көмектесу мүмкін болмай қалады деп қорқытса керек. Алаяқтар әжеміздің үйіне 6 рет курьер жіберіп отырған, әр жолы әжеміз ақшаны орамалға немесе киімге орап, курьердің қолына ұстатқан», - дейді полицей.
Алаяқтық жағдайында ақша қол сұғушылықтың басты заты болып табылады. Ақшаны заңсыз алу үшін қылмыскер әдетте болашақ жәбірленушіге шын мәнінде орын алған тәрізді оқиғалар мен жағдайлар туралы, немесе іс жүзінде орын алғанымен, бұрмаланған деректер туралы мағлұмат береді. Осы мақсатпен көбінесе өте қу амалдар қолданылады.
«Тағы бір мысал, қыркүйек айында егде жастағы қала тұрғындарының біріне жоғарыда атап өткен жағдайға ұқсас тақырыппен алаяқтар қоңырау соғады. Бұл жолы алаяқтар әлгі егде жастағы әйелдің қызы апатқа ұшырады деген желеумен хабарласады. Әйел адам қызының қайда екенін білгенімен, алаяқтардың сөзіне сеніп қалады да, алаяқтарға 3 000 000 теңге беріп жібереді.
Мұндай мысалдар көптеп келтіруге болады. Байқағанымыздай, көбіне егде жастағы азаматтар алаяқтардың құрбанына айналып жатады. Ал бұл жастағы адамдарға алаяқтардың арбауына түсіп, ақшасынан айырылу қандай қосымша күйзеліс әкелетінін өздеріңіз түсінесіздер деп ойлаймын», - дейді Талғат Оспанов.
Осылайша Саран қаласы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Талғат Оспанов қала тұрғындарына егер алаяқтар қоңырау шалса, өзін қалай ұстау керектігін және желілік алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмау алгоритмдерін түсіндірді.
Сонымен қатар, ол есірткі тақырыбын тілге тиек етіп, қазіргі кездегі кең тараған «закладчиктер», «кладмендер», «минерлер» деген кім екендерін тәптіштеп айтып берді.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ