Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» деп атап көрсетілген.
Аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану секілді мәселелерді анықтап алу, білім беру жүйесіндегі басты ұстаным ретінде әркімнің өзінің білім алуға деген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді көздейді.
Республика күні қарсаңында «Березка» бөбекжай-балабақшасында «Тілдік құзіреттілікті дамыту» кабинетінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш айшықты шараға Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері Сәулеш Шаймұрат, бөбекжай-балабақшасының директоры Райхан Акижанова және аталмыш мекеменің ұжымы мен тәрбиеленушілердің ата-аналары қатысты.
«Бүгінгі таңда шаһар көлемінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің барлығында жоспарлы түрде «Тілдік құзіреттілікті дамыту» кабинеттері ашылып жатқан жайы бар. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып жатқан игі шараның Саран қаласының 70 жылдығы аясында өткізіп отырғанын атап өткеніміз де жөн Сонымен қатар, осы мекемеде тәрбиеленіп, білім алатын осы кішкентай балғындарымыз аталған кабинетте тек қана мемлекеттік тілді біліп қана қоймай, әрбір ұлттық тілдерін үйреніп, тарихымен, салт-дәстүрімен, олардың ұлттық киімдерімен танысып, әр ұлттың ұлттық ойындарын ойнайтын болады.
Тағы бір қоса кететін жәйт, бұл тек балалар үшін ғана емес, сонымен қоса осы мекеме қызметкерлерінің балалардың ата-аналарымен бірлесіп жұмыс жасайтын кабинеттері болмақ. Бұндай кабинеттер біздің Саран қаласындағы 8 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің барлығында да ашылып жатыр», - деді «Березка» бөбекжай-балабақшасында «Тілдік құзіреттілікті дамыту» кабинетінің ашылу салтанатына қатысқан Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері Сәулеш Шаймұрат.
Білім бөлімі әдіскерінің айтуынша шаһарымыздағы 8 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің барлығында да бұндай кабинеттерді ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі кезекте «Колокольчик» балабақшасында «Тілдік құзіреттілікті дамыту» кабинетін ашу жоспарда тұр дейді ол.
Ал кабинеттің ашылу салтанатында білім бөлімі әдіскерімен бірге лента қию рәсімін жасаған «Березка» бөбекжай-балабақшасының басшысы Райхан Акижанова білім бөліміне алғысын айтып, балабақша ұжымы мен ата-аналарды құттықтады.
«Құрметті ата-аналар, балабақша ұжымы! Қымбатты балалар! Сіздерді төлеранттылық кабинетінің ашылуымен құттықтаймын. Толеранттылық дегеніміз сабырлы болу, төзімділік таныту. Халқымыз «Сабыр түбі – сары алтын» деп тегін айтпаған. Толеранттылық кабинетін ашу арқылы біз абалаларды бір-бірін сыйлауға, ой-пікірлерімен санасуға, үлкенге деген құрметке, сабырлы да төзімді болуға тәрбиелейміз. Ашылған кабинетіміз құтты болсын! Жаңа жетістіктерге жетелесін!», - деді Райхан Нұрғалиқызы өз құттықтау сөзінде.
Шара одан әрі кабинеттің ашылу құрметіне арналған мектепалды даярлық тобы балаларының қатысуымен өткен шағын концерттік бағдарламамен жалғасты. Топ тәрбиеленушілері түрлі ұлттардың ұлттық киімдерін киіп, өлең оқыды, Отан туралы ән шырқады, би биледі. Осылайша аталмыш шара көтеріңкі көңіл күймен аяқталды.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ
Суретті түсірген автор