Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ата-бабадан жалғасып келе жатқан қазақ халқының өнегелі қасиетінің бірі – қариясын құрметтеу. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаса керек. Қазақ халқы қашанда қариясына ізет пен құрмет көрсеткен. Дей тұрғанмен, кейбір қарияларымыздың сый-құрметке бөленбей, үй шаруасын жалғыз өзі атқарып жүргені қынжылтады.

Саран шаһарында да жалғызбасты жеке тұрушы аға буын өкілдері бар.  Оларға Саран қаласының әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің әлеуметтік қызметкерлері қызмет көрсетуде.

Жалғыз басты қалған қарт адамдарға материалдық көмектен бұрын жылы лебіз бен ашық көңіл қажет. Тағдыр тауқыметінің басына салған жалғыздығы жанын жегідей жейтіні анық.

«Атадан бата алған жас азбайды» — деп қарттарды қадірлеуші еді дана халқымыз. Алайда қартайған шағында өз баласы өзектен теуіп, теріс айналатындар да баршылық.

Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің. Балалы болса да, байыбына бара алмайтындарға амал қанша. Немересін бауырына басып, бір иіскеуге зар қаншама қартымыз бар.

Қараусыз қалған қарттарға қамқорлық қажет деген қағидатты берік ұстанған Саран қаласының жастар ресурстық орталығы Республика күні қарсаңында «Ардағым-ардагерім» акциясын іске қосқан болатын.

Акцияны мақсаты – жалғыз басты қарт және мүгедектерге көмек көрсету болып табылады. Аталмыш акцияны Саран қаласы оқу орындарының еріктілері қолдады. Олардың ішіндегі ең белсенділері Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары нуманитарлы-техникалық колледжінің еріктілерін ерекше атап өтуге болады. Жастар ресурстық орталығымен біріккен еріктілер шаһардағы аға буынның жалғызбасты өкілдері тұратын аула аумақтарын жинауға ат салысты.

Акция аясында еріктілер Жеңіс көшесі 63 – 2 мекенжайы бойынша тұратын жалғызбасты қарт Борис Васильевич Сахаровтың, Жеңіс көшесі 65 – 3 мекенжайы бойынша тұратын Лидия Васильевна Локшинаның, Тимирязева 3 – 1 мекенжайы бойынша тұратын Александра Ивановна Паимцеваның, Жеңіс көшесі 66 – 2 мекенжайы бойынша тұратын Николай Иванович Сай мен Нина Андреевна Сайдың үйіне барып, отын кесу және су әкелу, аулаларын тазарту сынды тұрмыстық жұмыстар жасап, түрлі көмек көрсетті.

Қиналған кезінде қамқорлыққа бөленген қарттар Жастар ресурстық орталығы мен еріктілер тобына ризашылықтарын білдіріп, өздерінің баталарын беріп жатты.

«Алдымен барша жерлестерімді Республика күнімен құттықтаймын. Ал Жастар ресурстық орталығы мен еріктілерге ерекше алғысымды білдіремін. Осындай қайырымды жастарымыз көп болса, еліміз дамып, гүлдене береді деп мен сеніммен айта аламын. Еліміз дами берсін, Отанымыз тыныш болсын! Ал жастарға рахмет айта отыра, алдағы өмірлеріне тек қана бақыт тілеймін», - деді Жеңіс көшесі 66 – 2 мекенжайы бойынша тұратын жалғызбасты аға буынның өкілі Николай Иванович.

Волонтерлік қызмет шын мәнінде мұқтаж жандар үшін баға жетпес көмек болып есептеледі. Өкінішке орай, жалғыз басты қарт адамдар біздің қаламызда бар. Сол себептен барлық бей-жай қарамайтын адамдардан қарт адамдарды қолдауларын сұраймыз дейді Саран қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Дидар Нықаш.

«Республика күні қарсаңында біз жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіп жатырмыз. Қазір жастар аулаларды түрлі қоқыстардан тазартып жатыр. Бұл бір реттік шара емес. Еріктілер үнемі мұқтаж адамдарға осындай қолдау көрсетіп тұрады», - дейді Саран қаласы жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Дидар Нақыш.

 

  

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ