Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Адамдар өмірін құтқару - жоғары және жауапты миссия. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болғанда адамға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермес. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйіп қызмет етіп жүрген азаматтарымыз қандай мадаққа да лайықты. Елімізде жыл сайын 19 қазанда құтқарушылар күні атап өтіледі.

Кәсіби мереке қарсаңында қалалық мәдениет үйінде Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті. Шара барысында мәдениет үйінің алдындағы алаңда өрт сөндіру мен құтқарушылардың арнайы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені тамашалаған жандар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың арнайы көліктеріне мініп көріп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауаптарын алды.

Ал мәдениет үйінің астыңғы фойесінде Мон Арбаттың төтенше жағдай қызметінің еңбек күндері туралы фотосуреттер көрмесі, ал үстіңгі қабаттағы фойеде  қызмет жұмысы туралы суреттер, буклеттер көрмесі, жеке құрам жабдықтарының көрмесі, қолөнер көрмесі, төтенше жағдай қызметін кәсіптік бағдарлау жөніндегі ақпараттық материал жайғасты. Сонымен қатар, мәдениет үйінің бірінші холлында тоғызқұмалақ, ал екінші холлында дойбы мен шахмат бойынша жарыс өткізіліп жатты.

Ал мәдениет үйінің үлкен залында құтқарушылар күніне арналған мерекелік конценрт өтті. Оған Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов, қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов, қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Анищенко Сергей Сергеевич, Абай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Мақсат Қонысбайұлы Абюров, Шахтинск қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Мадияр Серікұлы Абдикаримов, төтеншеліктер мен өрт сөндірушілер, қала тұрғындары және БАҚ қатысты.

Салтанатты шара барысында Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов Саран қаласының өрт сөндірушілері мен төтеншеліктерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар мамандарды Құрмет грамотасымен марапаттады.

«Қайырлы күн, құрметті құтқарушылар, Саран, Абай, Шахтинск қалаларының төтенше жағдайлар министрлігі қызметінің қызметкерлері мен ардагерлері! Қауіпті болғанымен де, бірақ осындай сауапты еңбектеріңіздің сіздерге деген басты марапаты - ол адам өмірін аман сақтап қалу деп есептеймін өз басым.

Осы мереке күнінде сіздердің қажырлы да игі істеріңіз үшін шын жүректен шыққан алғысымды қабыл алыңыздар! Мереке құтты болсын, мол жауаптылықты талап ететін, ауыр да, абыройлы жұмыстарыңыз табысты болсын, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!», - деді құтқарушылар күнімен құттықтаған қала басшысы Еркін Энглисұлы.

Атап айтқанда, қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталғандардың қатарында Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Лаура Жағпарқызы Алпысбаева, Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Түскей Мамырұлы Сақбосын, 24 –ші өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау  старшинасы Жаннұр Бейбітшілікұлы Жүнісов, 24 –ші өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі, азаматтық қорғау кіші сержанты Айгерим Бақтиярқызы Жұманова, 24 – ші өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Александр Васильевич Антипин бар.

Бұдан бөлек, салтанатты шарада Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Анищенко Сергей Сергеевич әріптестерін құттықтап, Азаматтық қорғау органдарымен жедел өзара іс қимыл жасағаны үшін бірқатар сала мамандарына Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Мұрат Қасенұлы Қатпановтың алғыс хатын табыстады.

«Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті - өз өмірін қауіп-қатерге тіге отырып, азаматтарды қауіп-қатерден арашалау болып табылатын жоғары әрі жауапты миссия. Тәуліктің қай кезінде  болмасын өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Сіздер, ерлік пен батылдық таныта отырып, жанкештілікпен және жоғары дәрежелі кәсібилікпен өз қызметтеріңізді абыроймен атқарып келесіздер. Әріптестер, қызметіне адал жандар, халық алғысын алғандар, мықтылар ғана таңдайтын мамандықтың иелері, бүгінгінің хас батырлары сіздерсіздер. Ендеше төл мереке құтты болсын!», - деді өз құттықтау сөзінде Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко.

Мұрат Қасенұлының алғыс хатын иеленгендер қатарында Саран қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Денис Дмитриевич Эйхвальд, «Саран қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің» бас маманы, Саран қаласының жедел басқару секторының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдай штабының бастығы Ғалымжан Өтегенұлы Шалаев, «Саран тынысы» ЖШС директоры, «Саран газеті» қалалық газетінің бас редакторы Бибігүл Еркенқызы Майпасова, «Саран газеті» қалалық газетінің жауапты хатышысы, тілші Шапағат Шарапатұлы, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық техникалық колледжі базасындағы «Жігер» студенттер бірлестігінің жетекшісі Жанбол Қарымсақұлы Жаяубаев бар.

Салтанатты шара әрі қарай Саран қаласының мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Елімізде 1999 жылдың 19 қазанында тұңғыш рет Азаматтық қорғаныс және табиғи-техногендік апаттардан қорғау комитеті құрылды. Содан бері  осы күн Құтқарушылар күні болып белгіленіп, соңғы жылдары дәстүрлі түрде атап өтілетін болды. Қазақстандық төтенше жағдайлар қызметі мамандары 28 жылдың ішінде өрт, су басу, жол-көлік, т.б. оқиғаларына тап болған жүз мыңдаған адамның өмірін құтқарып, мыңдаған адамға шұғыл медициналық көмек көрсеткен.

  

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор