Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы бірнеше жерде баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де барша адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың бишешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғауларында, өлең-жырларында өзара келісімді насихаттаған. Майқы бидің: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге.

Күнтізбемізге 18 қазанның Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама. Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бүгінгі берекелі күнге бірліктің арқасында жеттік. Елдің әлеуметтік-экомикалық көрсеткіші халықтардың өзара татулығы негізінде дами түсетіні түсінікті. Ел басқарған парасатты басшылар қашан да бірлік пен татулыққа аса мән берген.

Үстіміздегі жылғы қазан айының 19 жұлдызында Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің мұрындық болуымен «Бейбітшілік пен келісім саясаты» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Саран қалалық мәслихатының төрағасы Өміржан Баймағанбетов, Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, қоғамдық процестерді талдау және зерттеу орталығының атқарушы директоры Серік Қуатұлы Тілекбаев, облыстық ақпараттық топтың лекторы Шахмарал Майрбекқызы Кабулова, Қарағанды облысы еврей мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вилен Борисович Молотов-Лучанский, қаладағы этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен мүшелері, дін қызметкерлері, студент жастар, БАҚ өкілдері қатысты. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты қоғамдағы конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту болды.

Дөңгелек үстел барысында қала әкімінің орынбасары Сағынбек Жаңбырбайұлы бірқатар дін өкілдерін қалалық Жастар ресурстық орталығының алғыс хатымен марапаттады. Алғыс иеленгендер қатарында Саран қалалық мешітінің имамы Нұржігіт Оразалыұлы Мұсабеков, Саран қалалық мешітінің наиб-имамы Мұхамедқали қажы Сапарғали ұлы Саликов, Әулие Тихон шіркеуінің аға попы Виталий Викторович Бухлеев, «Преображение» шіркеуінің пасторы Вадим Викторович Зырянов, «Надежда» христиан орталығының жетекшісі Болат Шамильевич Жусупов, «Благая весть» шіркеуінің пасторы Валерий Владимирович Руссу, «Благодать Сарань» шіркеуінің пасторы Андрей Александрович Церр, апостолдардың ілімдері бойынша евангелиялық христиандар шіркеуінің пасторы Павел Валерьевич Леонтьев бар.

Дөңгелек үстел барысында дінаралық қатынастар мен рухани келісімді нығайту мәселелері талқыға салынды. Сонымен қатар, қаламыздағы діни бірлестіктер мен этномәдени орталықтардың осы бағытта қосар үлесі мен ізгі істері сараланып, қаламыздағы рухани тұрақтылық пен келісімнің болашақтағы даму мүмкіндіктері мен жолдары қарастырылды.

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор