ШҰҒЫЛ ТҮРДЕ жергілікті ветеринар дәрігеріне хабарлау.
Ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейін ауырған жануарларды оқшаулап ұстау.
Жануарлар ауырған жағдайда ауру белгілеріне назар аударып, мүмкіндік болса шұғыл түрде фото және бейне жазбаларды ветеринар дәрігеріне жіберіп хабарлау.
Ауырып тұрған жануарды ветеринар дәрігерінің байқауынсыз жайылымға жіберуге, басқа жануарлармен бірге ұстауға немесе сойып алып, етін пайдалануға болмайды.
Жануарлар, үй құстары өлген жағдайда өлекселерін ашық қоқыстар мен ағын суларға (бұлақтарға, өзендерге, көлдерге) тастауға болмайды (аса қауіпті жұқпалы ауру болса адамдар мен жануарларға таралуы мүмкін).
Ауырып тұрған малдарды союға, сатуға және сойып тағамға пайдалануға болмайды.
Ауырып тұрған малдың сілекейі, зәрі, нәжісі тиген азықты, суды сау малдарға беруге болмайды.
Ауру жануарға қолданылған құрал-жабдықтарды, жүген-ноқталарды, қарғыбауларды, күрек-айырларды, жем-су беретін ыдыстарды сау малға, ит пен мысыққа және басқа қора-жайға залалсыздандырмай пайдалануға болмайды.
Ауру жануардан бөлінген сілекейді, нәжісті, зәрді, қанды, іріңді, түсікті және осылармен былғанған төсенішті, жем-шөпті өртеу жолымен жою.
Ауру жануардың жанында болған адамдар, техника (автокөлік, трактор, мотоцикл т.б.) көршілес немесе басқа аумақтағы мал ұстайтын шаруашылықтарға, жеке аулаларға және сау жануарлардың жанына баруға болмайды.
Ветеринария саласындағы мамандар ауру немесе ауырып өлген жануарды көріп-байқауынан кейін берген нұсқаулықтарын бұлжытпай орындау.
Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабымен белгіленген жеке және заңды тұлғалардың жануарлар ауруларының, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөніндегі міндеттерін бұлжытпай орындау.
ЕСКЕРТЕМІЗ:
ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабымен белгіленген «Жеке және заңды тұлғалар жануарлар ауруларының, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөніндегі міндеттерін» орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406 бабы бойынша жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі №226-V ҚРЗ Қылмыстық кодексінің 327 бабы бойынша «Ветеринариялық қағидаларды немесе өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген қағидаларды бұзу» тіркелген жағдайда үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Саран қалалық аумақтық инспекциясы