Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Айының 1 жұлдызында шаһардағы мәдениет үйінің ғимаратында Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткен болатын.

Күн тәртібінде білім беру ұйымдарында мектепішілік немесе мемлекеттік ювеналды полиция есебінде тұрған дәлелді себептерсіз сабақ босатқан балалармен психологиялық-әлеуметтік қызметтердің жұмысы туралы қалалық білім бөлімі мен сабақтан тыс уақытта болатын жатақханадағы құқық бұзушылықтарды анықтау және тәртіпті сақтау бойынша рейдтер жүргізу туралы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің жұмыстары пысықталды. Бірінші мәселе бойынша Саран қаласы білім бөлімінің бас маманы Светлана Цаплина сөйлесе, екінші мәселе бойынша туралы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі директорының орынбасары Жанбол Жаяубаев баяндады.

Мәселен, Саран қаласы білім бөлімінің бас маманы Светлана Цаплинаның мәлімдеуінше 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Саран қаласы полиция бөлімінің Ювеналды полиция есебінде «міндетті орта білім алудан жалтарушылар» санаты бойынша 2 оқушы тұрса керек.

Апта сайын қала мектептері білім бөліміне орта білім алудан жалтарған оқушылар туралы ақпарат беріп тұрады екен. Ай сайын дәлелді сбептерсіз сабаққа келмейтін қала мектептері оқушыларының бойынша 10 және одан да көп күн есеп нысанында сабаққа қатысуының қорытындысы шығарылады.

«Сабақтарды өткізіп жіберудің алдын алу бойынша жұмысты ұйымдастыру үшін күн сайын оқушылардың сабаққа қатысу журналы жүргізіледі. Журналды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары күн сайын қарайды. Себепсіз сабақты өткізіп жіберетін балалар анықталады. Сынып жетекшісі әлеуметтік мұғаліммен бірге аталған оқушының үйіне барады. Жасөспіріммен және оның ата-анасымен жеке әңгіме жүргізіледі, осы себептерді жою мақсатында келмеу себептері анықталады. Ал сабаққ себепсіз бірнеше рет келмеген жағдайда, бұндай жасөспірім директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен, одан әрі алдын алу Кеңесіне әңгімелесуге шақырылады. «Тәуекел тобына» есепке қойылады. Оқушылардың деректері туралы ақпарат шаралар қабылдау үшін полиция бөлімінің мемлекеттік ювеналды полициясына беріледі», - дейді білім бөлімінің бас маманы Светлана Ивановна.

Ал Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі директорының орынбасары Жанбол Жаяубаевтың айтуына қарағанда, колледж студенттерінің шамамен 60% - ы басқа қалалардан келіп оқитын студенттер болғандықтан, олардың барлығына жатақхана берілсе керек.

Ал жатақхана 495 орынға есептелген екен. Бүгінгі таңда аталған жатақханада барлығы 350 студент тұрса, оның 230-ы кәмелетке толмағандар, әр бөлмеде 3, 4 студенттен тұрады. тағы айта кететіні, ұл балалар мен қыз балалар бөлек блоктарда тұрады екен. Бұл туралы комиссия отырысы барысында Жанбол Жаяубаев мәлімдеді.

Жатақхананың ішкі тәртіп ережелерін бақылау мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған.

«Жатақханадағы тәрбие жұмысы колледждің тәрбие қызметі тұжырымдамасына негізделеді. Ол директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының, меңгерушінің, жатақхананың үш күндізгі және үш түнгі уақыттағы тәрбиешілерінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары ұйымдастырушылық жұмыс, студенттерге әлеуметтік көмек, жатақхананың студенттік кеңесінің жұмысы, жатақхананы абаттандыру бойынша жұмыс, студенттердің бос уақытын ұйымдастыру, спорттық-сауықтыру жұмыстары болып табылады. Жұмыс оқу жылы ішінде жоспар бойынша жүргізіледі, оған сәйкес түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып жатады», - дейді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі директорының орынбасары Жанбол Қарымсақұлы.

Күн тәртібіндегі мәселені жан жақты талқылап, ұсыныс-пікірлерді ескеріп, отырыс қорытындысымен тиісті хаттама жасақталды.

Кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Жаңбырбайұлы хаттамалық шешімге сәйкес тиісті уәкілетті органдар мен сала мамандарына нақты міндеттер жүктеп, бірқатар тапсырмалар берді.

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор