Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің классигі, елден ерек драматургиясымен ел есінде қалған тұлға, халық жазушысы Тахауи Ахтановтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Тахауи Ахтанов 1923 жылы Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданының Шетырғыз ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ІІ курсында оқып жүріп, өзі сұранып, майданға аттанған. Соғыстан кейін «Көркем әдебиет» баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, «Әдебиет және искусство», «Жұлдыз» журналдарының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, республикалық кітап палатасының директоры қызметтерін атқарды. Қаламгер ретінде ең алғаш «Күй аңызы» әңгімесімен танылды. «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары, драмалық шығармалары, әңгімелері - әдебиетіміздің өресін биіктеткен туындылар.
Көрнекті жазушының 100 жылдығына орай Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы үстіміздегі жылғы 2 мамырдан 20 қазанға дейінгі уақыт аралығында онлайн-форматта «Сан қырлы талант» атты республикалық интернет-байқауын өткізген болатын.
Ондағы мақсат – отансүйгіштікке, азаматтыққа тәрбиелеу арқылы жастардың бойында адамгершілік, рухани қасиеттерді қалыптастыру, жазушының шығармашылығын насихаттау және жастардың Тахауи Ахтанов шығармаларына деген қызығушылығын дамыту, өскелең ұрпақтың оқу белсенділігін арттыру және кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеу, жастардың орындаушылық шеберлігін шыңдау және шыңдауға ықпал ету, сахна мәдениетін арттыру, дарынды жастарды іздеу, олардың шығармашылық бастамаларын дамыту, жан-жақты көтермелеу және ынталандыру, рухани-адамгершілік әдебиеттің озық үлгілері негізінде салауатты жас ұрпақты тәрбиелеуге ықпал ету болса керек.
Байқауға республикамыздың түкпір-түкпірінен 17 жастан 24 жасқа дейінгі жастары қатысты. Ал олардың арасынан оза шапқан үздік сайыскерлер 2023 жылы 31 қазанда ZOOM платформасында өткен жазушы Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына арналған байқаудың финалында өнер көрсетті. Байқау «Мен Тахауи Ахтановты оқимын» және «Актерлік оқу шебері» атты екі номинация бойынша өтті. Бірінші номинацияда қатысушылар Тахауи Ахтановтың шығармасынан үзіндіні көркем оқу арқылы сайысса, «Актерлік оқу шебері» атты екінші номинация бойынша қатысушылар жазушының шығармалары кейіпкерлерінің монологін драмалық қойылым тұрғысында оқып, өз өнерлерін паш етті.
Аталмыш республикалық интернет-байқауға Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы, аталған оқу орны директорының оқу жөніндегі орынбасары Аққу Муфталованың жетекшілік етуімен осы колледждің ҚтӘ-9-21 тобының студенті Алтынай Марат та қатысқан болатын. Сайыста «Мен Тахауи Ахтановты оқимын» номинациясы бойынша өз бағын сынап көрген Алтынайдың бағы мен бабы қоса шауып, финалға шыққан болатын. Ақтық сында Алтынай Марат жетекшісі Аққу Құсайынқызының үмітін ақтап, аталған номинация бойынша жеңімпаз атанды.
«Қазан айының 31-і күні мен Ж. Бектұров атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен өткен Қазақстанның халық жазушысы Тахауи Ахтановтың 100-жылдығына арналған «Сан-қырлы талант» атты республикалық байқауына қатысқан болатынмын. Бұл сайыста мен Т. Ахтановтың «Күтпеген кездесу» шығармасынан үзіндіні жаттап айтып бердім.Б ұл жердегі менің мақсатым оқырман назарына осы шығарманың мазмұнын, желісін кішкене болса да түсіндіру.Осы жарысқа дайындалуыма кем дегенде 2 апта уақытым кетті. 1-орын алғаныма қатты қуандым. Осындай жарыстар алдағы уақытта офлайн форматта көп бола берсін дегім келеді!», - деді бізбен тілдескен сәтінде Алтынай Марат.
Ал біз өз кезегімізде колледж ұжымы мен Алтынай Маратқа жетекшілік еткен Аққу Құсайынқызын, республикалық сайыста 1 орынды қанжылаған Алтынайдың өзін ортақ жеңістерімен құттықтаймыз. Жас та болса, дарынды студенттің әдебиет саласындағы алар асуы мен бағындырар белестері әлі алда деп білеміз және ұстаздары мен жетекшілерінің артқан үміт пен дәмелерін әрдайым ақтауына тілектестігімізді жеткіземіз.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ