Студенттік өмір – ең қызықты сәттерге толы, ұмытылмас шақ. Қайта айналып келмес жастық шақтың орны бөлек. Әсіресе, жоғары оқу орнының қабырғасындағы алғашқы жыл ешкімнің есінен кете қоймас. Жаңа орта, жаңа әлем, үйден жырақта... Алайда қызығы мол төрт жыл көзді ашып-жұмғанша өтеді де шығады.
Иә, ЖОО-да оқыған әрбір адам үшін студенттік жылдар есте қалады. Жаңа адамдар мен өмір сүру жағдайы, бірінші сабақтар мен іс-шаралар, жеңіс пен жеңілістер, достар мен сүйікті оқытушылар. Мұның бәрі, елес сияқты, тек студенттік өмір туралы естелік айтылған кезде ғана мауқың басылады. Үйреншікті «оқушыдан» сен «студент» боласың. Әрине, ол тек студенттерге арнау рәсімінен кейін ғана сезілетін сезім.
Кенді шаһар Сораңдының бел ортасында орналасқан көрікті мекен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі қалашығына тағы да жаңа леп қосылды. Кеше ғана мектеп табалдырығында білім алып, үлкен арман әлемін шарлап, жоғары оқу орнына түссем деген ізгі ой қалықтаған буын, бүгінде студент атанып, арманның ақ тұлпарын мініп, білім әлемін шарлауға дайын тұр. Жас толқын жастардың жанарынан жарқын болашақ, үлкен арман-мұраттар байқалады. Бұл әсерге толы сәтке 8 қараша күні қалалық мәдениет үйінде өткен өткен 1-курс студенттеріне арналған «Студенттерді қабылдау кеші » салтанатында куә болдық.
Салтанатты шараға 100 жылдық тарлан тарихы бар қасиетті қара шаңыпрақтың «Қазақ бөлімінің» меңгерушісі Ақмарал Күнеділова, колледж ұстардары мен студенттері, түлектер қатысты.
Мерекелі жиынның ашылуында Ақмарал Дәріғұлқызы студенттерге арнап жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, ол Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің директоры Алма темірболатованың жылы лебізін жеткізді.
«Қайырлы күн құрметті ұстаздар, студенттер және бүгінгі кешіміздің басты кейіпкерлері атанып отырған, мына 101 жыл толайын деп отырған киелі қара шаңырақтың табалдырығын енді ғана аттап отырған 1 курстың студенттері. Бүгін міне, осындай тамаша күнде біздің коледжге оқимын, білім аламын деп келген кешегі мектеп оқушыларын студент қатарына қабылдау кеші болып жатыр.Ендеше мереке құтты болсын!...
Алдарыңызда үлкен білім жолы күтіп тұр. Сіздерді осы мерекелеріңізбен құттықтай отырып оқуда озат болуларыңызды тілеймін! Қадамдарыңыз нық болсын! Өнер жолында алар асуларыңыз биік болсын!», - деді өз құттықтау сөзінде Ақмарал Дәріғұлқызы.
Осыдан кейін студенттік өмірге қадам басқан жастарға оқу билетін тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты рәсімнен кейін жұрт назары концерттік бағдарламаға ауды. Алғаш болып сахнаға барабаншылар тобы шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Ал битбокс ырғағының шебері, бірқатар жарыста жеңімпаз атанған Бейбарыс Асқарбеков жұртты ерекше әуенімен тәнті етті.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі талантты, шығармашыл жастарға толы. Мұнда түрлі өнерді меңгеріп, сол өнерлерін көпшілікке паш етіп жастар да жоқ емес. Солардың бірі – БМ-9-20 тобының студенті Ақзере Халиолла «Тек алға» әнін орындап, әуезді дауысымен көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Ал киелі қобызды жетік меңгеріп алған ОтӘ-9-20 тобының студенті Перизат Картаева қазақ әндерінен папури орындап, залдағы жиналған жұрттың ризашылығына бөленді. Ал Жігер студенттік Парламентінің жастары Серікбол мен Алтынай «Сезім үшін» әнін орындап, барлығын махаббат әлеміне саяхаттап қайтқандай әсерге қалдырды.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінде актерлік өнерден де аз-кем хабары бар студент жастар бар. ҚтӘ-9-21 тобының бір топ студенттері «Махаббат қызық мол жылдар» атты көрініс қойып, залдағы аға буын өкілдерін қызығы мен шыжығы мол сонау студенттік шақтарына бір апарып қайтқандай тамаша әсерге бөледі.
Өз кезегінде колледдің 4 курс студенттері заманауи стильде мың бұрала билеп, түрлі көріністер қойды.
«Бұл нағыз шығармашыл жастардың ордасы, солардың әлемі. Шығармашыл жандардың ішкі жан-дүниесі сондай нәзік келетінін ұмытпаған жөн. Сапалы дүние жарыққа шығуы үшін әрқайсысының ебін таба білу қажет. Осында білім алып жүргеннен кейін бірнеше студент бірігіп, осы кешті өткізуді қолға алдық. Соңғы күндері ұйқыны да ұмыттық, себебі жоғары деңгейде өтуі үшін бәрін жан-жақты қарастырдық. Міне, студент күнімізден бастап осылай тәжірибе жинап жүрміз. Мақсатымыз – оқуымызды бітіргеннен кейін бәсекеге қабілетті жастардың қатарына қосылу», – деді аталмыш кешті ұйымдастыруға ат салысқан студенттердің бірі.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі талапты да талантты студенттері мен ұстаздар қауымы ұйымдастырған ерекше туындылары көрерменге қуаныш сыйлады. Мұны мәдениет үінде жиналған колледж жастарының жарқыраған үндерінен, күлімдген күлкілерінен анық байқағанымыз рас. Кеш соңы би кешіне ұласты.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ
Суретті түсірген автор