Тәуелсіз мемлекет экономикасының темірқазығы – ол біздің төл валютамыз. Қазақ елі жылнамасындағы тарихи сәттің бірі – мемлекетіміздің төл валютасының айналымға енуі. Бұл күнді қазақ тарихындағы шын бетбұрысты кезең деп атап өтуге болады.
Биыл біздің Ұлттық теңгеміздің құрылғанына 30 жыл толады. Теңгенің шығу тарихына көз салсақ, ұлттық теңгені жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Қазақстан өз төл ақшасын шығару үшін 1990 жылы теңгенің алғашқы үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобын құрды. Тәуелсіз елдің ұлттық валютасын жасап шығарған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлеловтер еді. Олар жұмыстарын Қазақстан мәдениетінің тарихи даму аспектілерін зерттеуден бастаған. Ұлттық валютаны «теңге» деп атауды ұсынған Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов еді. «Теңге» сөзі – түркі халқының орта ғасырда есеп айырысқан күміс монеталарының атынан пайда болған. Осылайша теңге атауының қайта оралуы – XIII ғасырда өз монеталары соғыла бастаған еліміздің Отырар мен Тараз сияқты ірі қаласының дәстүрін жалғастырды.
Қазақтың теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Теңге – Қазақстан республикасының мемлекеттік нышаны. Әнұран, Ту және Елтаңба сияқты ұлттық валюта да мемлекеттік нышандардың қатарына жатады. Елдің егемендігін жаңа жар салған аумалы-төкпелі уақытта төл теңгемізді дүниеге әкелу өте тәуекелді қадам болатын.
Тұңғыш теңгенің дизайны әлі күнге дейін кім-кімнің де жадында сақталғаны рас. Ұлттың болмысы, нақышы, қазақы келбетін бейнелеген төл теңгенің жөні бөлек. Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай ханы бар ақша тарихтан сыр шертіп тұратын. Қазір теңгенің түр-түсі, келбеті өзгерді. Уақыт талабына, халықаралық стандарттқа сай, оның дизайны өзгеріп, қорғаныштық қабілеті жетілдіріліп отырады.
Тарихи даму тұрғысынан 30 жыл деген мерзім көп емес, бірақ экономикалық тұрғыда өз валютасының Қазақстан үшін маңыздылығын шынайы да бүкпесіз бағалауға толық жеткілікті.
Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Ол барлық уақытта тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді. Ұлттық валюта - еліміздің әлеуетін одан ары арттырудың, халқымыздың мақтаныш сезімін күшейтудің, оның ертеңгі күнге деген сенімділігін нығайтудың маңызды құралы болып табылады.
«ҚР ҚМ ҚК Қарағанды облысы бойынша қазынашылық Департаментінің Саран қалалық қазынашылық басқармасы» РММ
басшысының орынбасары Ф. Несипбаева