Кез – келген тіл сөзге бай. Тіл байлығын, олардың құрамындағы сөз саны емес, оның қолданысы анықтайды. Сөйлегенде тіліңнен бал тамып, тыңдаушыны өзіне баурап алу үшін, тіл байлығың керемет, сөздік қорың мол болуы тиіс.
Ұлттың ең басты, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп анық жазылған. Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Көптеген мекемелерде мемлекеттік тілде жазылған іс – қағаздардың қате жазылғанын көреміз. Кейбір сөздер дұрыс аударылмай жатады немесе орын тәртібі дұрыс қойылмайды. Тіліміздің мәртебесін көтеру үшін біз әлі де болса еңбектенуіміз қажет. Ғасырлар бойы тәуелсіздігімізді аңсап, өзге ұлттардың көлеңкесінде жүрдік. Ана тіліміздің тағдыры қыл үстінде болды. Ата – бабаларымыздың аңсаған армандарына жетіп, тіліміздің мәртебесін көтереміз дегенде, ағылшын тілі қосылды.
Әрине қазіргі заман талабына сай жастарымыз үш тілді жетік меңгеруі керек. Дегенмен, өз тіліңде шорқақ сөйлеп, өзге тілде сайрайтын адамдар қаншама. Қазіргі заманда ата – бабаларын білмейтін, Абайды оқымайтын, Ахметті танымайтын жастарымыз кездесіп жатады. Осы кезде Мұхтар Әуезовтың «Қазақ мектебіндегі бала келешекте қай мамандыққа барам десе де, ең алдымен өзінің ана тілін, әдебиетін сүюі шарт. Сол сүюді орта мектеп табалдырығын аттаған соң да, мамандық, білім беретін жоғары оқу орнына ауысқанда да асыл қасиетіндей сақтауы керек», – деген сөзі ойға келеді. Сондықтан да басқа елдің тілін үйреніп, оны жетік білсе де, өз тіліңді құрметтеу біздің басты міндетіміз. Қазақ тілінің тағдыры, елімізде туып – өскен өзге ұлттарда емес, қазақ халқының өз қолында. Бүкіл халық болып туған еліміздің өркендеуіне атсалысып, оны құрметтеп, тіліміздің жойылып кетуіне жол бермейік.
Саран қаласының полиция бөлімі
Ж.Б.Джумашева