Биыл қазақ өнеріне өшпес із қалдырған Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толады. Арқаның ардагері атанған Ақан сері – өзі өмір сүрген дəуір шындығын əн-музыка, өлең-жыр туындылары арқылы бейнелей білген ұлы суреткер, дарынды композитор. Асыл өнерімен де, жеке бас əдет-мінездерімен де, сəн-салтанатымен де даралана көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісі. Жақсылық пен əділеттік жолына белін бекем буған, ақыл-парасаты биік саналы гуманист. Ол ақынның айтқыры, əншінің саздысы, сазгердің наздысы, серінің сейдіні.
Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Әділіне көшсек, «Ақан сері» атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі – әншілік-композиторлық өнерінің жемісі.
Қараша айының 15 жұлдызында шаһардағы Балалар өнер мектебінде қазақ ақыны, композиторы, сал-сері Ақан серінің 180 жылдығына арналған «Арқаның ақиығы – Ақан сері» атты облыстық форум өтті.
Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры, педагогика ғылымдарының магистрі Бақыткүл Әбдікерова, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, докторант, педагогика ғылымдарының магистрі Аида Қайырбекова, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің оқытушысы, халықаралық, республикалық байқауларының лауреаты Гүлмира Тапай Саран қаласының әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев, білім бөлімінің өкілдері, қосымша білім беру ұйымдарының директорлары, Қарағанды облысы аудандары мен қалаларының білім бөлімдерінің әдіскерлері, қосымша білім беру педагогтарының өңірлік қауымдастықтарының төрағалары қатысты.
Ақан серінің өмірін, шығармашылығын насихаттаған форум аясында тақырыптық жиын, көрме және өнер сыныптарында ашық сабақтар ұйымдастырылды.
Арқаның ақиық ақыны Ақан серінің 180 жылдығына арналған облыстық форумның шымылдығы «Ақан сері – Ақтоқты» театрландырылған қойылымымен түрілді. Қойылым барысында қазақтың дархан мінезін сырлы әнімен, өткір сөзі арқылы жеткізе білген, өзі ақын әрі сазгер Ақан Қорамсаұлы сал серілігімен де қазақ жұртына танылған шоқтығы биік өнер иесі екендігі суреттелді.
Одан кейін Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Жаңбырбайұлы мен Саран қаласының Балалар өнер мектебінің директоры Толқын Сүйіндікқызы ортаға шығып, құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде қала әкімінің орынбасары сағынбек Жаңбырбайұлы: «Арқаның ақтаңгері атанған Ақан сері өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын ән-музыка, өлең-жыр секілді туындылары арқылы бейнелей білген ұлы суреткер, дарынды композитор», - деп ақынның тұлғалық сипатын суреттеп өтті.
Ақан сері мерейтойына негізделген облыстық форумды облыстық білім беруді дамытудың оқу әдістемелік орталығы мен Саран қаласының білім бөлімі және Саран қаласының балалар өнер мектебі бірлесіп ұйымдастырса керек. Ол турасында Саран қаласы балалар өнер мектебінің директоры Толқын Мусалиева тілге тиек етті:
«Бүгінгі форумда мектеп ұстаздары ашық сабақтар, шеберлік сыныптарын өткізгелі отыр. Шара аясында ұстаздар Ақан серінің туындыларына, музыкалық жанрларын жете терең жеткізуге тырысатын болады», - деді Толқын Сүйіндікқызы өз сөзінде.
Бұдан кейін Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры, педагогика ғылымдарының магистрі Бақыткүл Әбдікерова, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, докторант, педагогика ғылымдарының магистрі Аида Қайырбекова, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің оқытушысы, халықаралық, республикалық байқауларының лауреаты Гүлмира Тапай баяндамалар жасады.
Форум барысында ұйымдастырылған Ақан серінің шығармашылығы мен өнеріне бағытталған көрме де көпшілік назарына ілігіп, ерекше ықылас туындатты. Аталмыш көрмеде біздің шаһардағы балалар өнер мектебінің көркем өнер бөлімінің ұстаздары мен оқушылары Ақан серінің шығармашылығы мен өмірін сурет арқылы бейнелеген. Айта кетерлігі, аталмыш өнер мектебінде 1200 бала өнер бағытында қосымша білім алып жатса, аталғанфорумға театр, музыка, бейнелеу өнері және хореография оқушылары атсалысқан екен.
Сонымен қатар, іс-шара асянда музыка бөлімінің оқытушылары Күләш Нұрсафина, Сәлдет Шаймұрат, Жандос Асқаров, Марал Қияшева, Светлана Кузова және Оксана Вирц форум тақырыбына арналған ашық сабақтар өткізді.
«Заманында Ақан серінің өзі: Үйректің атқызбайды қасқалдағы, Шебердің былқылдайды бас бармағы. Бұл күнде ағаң болдым төр алдында, Бір кезде Ақан едім аспандағы», - деп айтып кеткен болатын. Ақан сері шынымен де өз заманының, өз елінің, өз жұртының алтын жамбысы болған», - деді Саран қаласы балалар өнер мектебінің дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы Жандос Асқаров.
Ал көркемөнер бөлімінің оқытушылары Ақан сері өміріне арналған әр түрлі көркемөнер шеберлік сабақтарын көрсетті.
Форум жұмысын Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері Шаймұрат Сәулеш қорытындылады.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ
Суретті түсірген автор