Иә, берекелі күздің басты мерекесі – ауылшаруашылығы өнімдерінің күзгі жәрмеңкесі. Қазан айының 18 жұлдызында «Сұңқар» стадионы алдындағы алаңда береке мен мерекеге толы дәстүрлі жәрмеңке өз жалғасын тапқан болатын.
Оған қарағанды облысының 70 жуық тауапөндірушілері қатысты. Атап айтқанда, Саран, Қарағанды, Теміртау қалалары мен Абай, Қарқаралы, Жаңаарқа, Бұқар Жырау аудандарының шаруа қожалықтары бар. Бұл жәрмеңке ерте көктемнен қара күзге дейін талмай еңбек еткен шаруалардың жыл қорытындысы десек те болады.
Күздің сыйына 15 тоннадан астам ет, 5 тонна сүт және азық-түлік өнімдері, 50 тоннадан астам көкөністер мен жемістер, әрине шұжық пен кондитерлік өнімдер, бал және басқа да тауарлар шаһардағы орташа бағадан төмен бағаға сатылды. Жәрмеңке өткен көшенің өзінде көлік аялдайтын орын жоқьың қасы болды. Қап арқалағандар да, арба сүйреткендер де – мәз-мейрам. Айта кетерлігі, дорбасы ауыр аға буын өкілдерінің жүгін жастар орталығының бастамасымен студенттерден арнайы ұйымдастырылған еріктілер тобы жеткізіп беріп жатты. Қалай десек те, ел несібесінің еселенгені байқалды.
Тап қазіргі шақ көктемнің қараөзегімен бірдей. Өйткені күздік союға қол қысқалау, соғымға әлі ерте. Күздің осындай аласапыран шағында жәрмеңкеге әкелінген жылқы, ірі қара, қой еттері лезде өтіп кетті.
Билік басындағылардың бұл бастаманы бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырып, оған өздері де белсене атсалысып жүретіндігі бәрімізге белгілі. Бұл біріншіден, өңірлік тауар өндірушілердің өнімін өткізудің тиімді тәсілі болса, екіншіден, ел-жұрттың ақшасын үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Алда келе жатқан мерейлі мерекелерді мол дастарханмен қарсы алуға мүмкіндік туғызған атқамінерлер бұл шараны алда да жалғастыратындарын жеткізді.
Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ
Суретті түсірген автор