Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Негізгі байлығы көмір кен орындары болған кенді шаһарда соңғы жылдары өндіріс орындары кең қанат жаюда. Бұған шаһардағы Saran индустриалды аймағының қарқынды дамуы басты себеп болып отыр.

Индустриалды аймақта жаңа өндіріс орындары бой көтерді. Қазақстандық Allur компаниясымен серіктестікте жүзеге асырып жатқан жобалар экономиканың әр секторына қажетті өнім шығарады.

Тек қана Саран шаһарының ғана емес, сонымен қатар облыс экономикасының дамуына зор ықпал етіп отырған индустриалық жобаның бірі - жолаушылар автобустары мен электр автобустары және жол техникаларын шығаратын QazTehna зауыты. Бүгінде зауыттан шығатын техникалар Қарағанды облысының аумағында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде қолданыста. Оның ішінде автобус парктері халықаралық бағыттарға да шыға бастаған. Өндіріс орнының өзінің оқу орталығы бар. Яғни қажетті мамандарды оқытып, біліктілігін арттырып алады. Бүгінде зауыттағы бірқатар бөлшектер отандық өнімдерден жасалса керек. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаған өндіріс орнында бүгінде мыңдаған білікті инженер мамандар қызмет етуде.

Солардың бірі машина жасау бойынша электр-газбен дәнекерлеуші Илесов Бексұлтан. Бексұлтан қарағанды қаласының тұрғыны. Зауытта жұмыс жасап жатқанына бір жарым жылдан астам уақыт болса керек.

«Мен өзім Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің түлегімін. Аталмыш оқу орнында машина жасау факультетінде оқыдым. 2021 жылы оқуымды аяқтаған болатынмын. Аяқтай салысымен оқыған мамандығым бойынша жұмыс іздеуге кірістім. Қалада жүргенімде «Саранда жасалған» деген белгісі бар автобустарды көретінмін. Осылайша әлеуметтік желілерді қарап отырып, аталған автобустар шығаратын зауыттың орналасқан жерін тауып алдым. Осында келіп, сұхбаттасудан өткеннен кейін, жұмысқа қабылдандым. Бүгінде бұл зауытта электр-газбен дәнекерлеуші болып жұмыс жасап жатқаныма бір жылдан астам уақыт болыпты. Қазір 2 разрядты маманмын. Жұмыс орны да, жасап жатқан жұмысым да өзіме қатты ұнайды. Алып отырған айлығым да көңілге қонымды. Жұмысқа келерде және жұмыстан қайтқанда жеткізіп тастайтын тегін автобус бар. Жұмыс орнында тамақтану да тегін. Сонымен қатар, мединциналық сақтандыру жүйесі жұмыс жасайды. Яғни, ауырып жатқан жағдайда, сіз дәрігерлерге тегін қарала аласыз. Бұдан бөлек, өзім үшін жаңа орта аштым һәм жаңа достар таптым. Ұжымымыздағы әріптестерімнің бәрі ұйымшыл. Керек кезде бір-бірімізге қол ұшын созып тұрамыз», - дейді QazTehna зауытында электр-газбен дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүрген маман Бексұлтан Нұрсұлтанұлы.

Индустриалды аймақтағы әлеуеті зор екінші жоба - автомобиль шиналарын өндіретін зауыт. Кәсіпорын құрылысы 2021 жылдың сәуірінде басталған болатын. Бүгінде автомобиль шиналарын өндіретін зауыты толықтай өнім шығаруға кірісіп кетуге дайындығын жалғастыруда. Жұмыстар толығымен 2024 жылы бітіріледі.

Өндірісте қолданылатын технологиялар мен жабдықтар автоматтандырудың жоғары деңгейімен, энергия тиімділігімен және қоршаған ортаға минималды әсерімен ерекшеленеді. Өзінің сипаттамалары мен өнім сапасы бойынша зауыт қазақстандық зауыт үздік әлемдік брендтерге сәйкес келеді. Өндірістік циклде 126 бірлік негізгі технологиялық және 528 жетекші әлемдік өндірушілердің қосалқы жабдықтары жұмыс істейді. Зауыт диаметрі 15-тен 22 дюймге дейінгі 3,5 млн шиналарын шығара алады. Зауыт 1116 адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Мұнымен бірге, іргелес өндірістердің шоғырлануына мүмкіндік береді. Өнімдер Қазақстанда автомобильдерді жинақтауға пайдаланылады, сондай-ақ, экспортқа жіберіледі.

Жоғарыда атап өткеніміздей, зауытта мыңнан астам адам еңбек етеді. Солардың бірі осы шаһардың тумасы, қазіргі таңда Қарағанды қаласында тұрып жатқан Дархан Аубакиров есімді азамат.

«Мен осы зауыттағы дәнекерлеу цехында шебер болып қызмет етемін. Шет елде 8 айлық тағылымдамадан өтіп келдім. Сол жерде өз мамандығым бойынша барлық әдіс-тәсілдерді үйреніп, жетік меңгергеннен кейін, осында қайтып келдім. Қазір тап осы зауытта шебер болып жұмыс жасап жатқаныма жарты жылдан астам уақыт болды.

Бұл жерге мен үлкен үміт арқалап келгендіктен, жасап жатқан жұмысым өзіме ұнайды. Төлеп отырған жалақылары да мен үшін тиісті қанағаттандырарлық деңгейде. Жұмысқа әкеп-апарып тастайтын тегін көлік берілген. Сонымен қатар, жұмыскерлерге арналған асхана да қарастырылған мұнда. Бір сөзбен айтқандай, бұл зауытта жұмыскерлер үшін барлық жағдай жасалған десем, артық айтпаған боламын. Бұдан бөлек, мен ойлаймын, осы зауытта қызмет ететіндердің барлығы дерлік, елімізде бұрын-соңды болмаған бір үлкен істі қолға алып жатқан жайымыз бар деп. Сондықтан зауыттың келешегі мол деп сенемін өз басым», - Дархан Маратұлы.

Ал шаһардағы экономикалық маңызы бар индустриялық жобаның тағы біреуі – «Silk Road Elektronics» тұрмыстық техника өндіру зауыты. Зауыт кір жуғыш машиналар, теледидарлар, шаңсорғыштар, газ плиталарын және басқа да жабдықтар шығарады. Бірінші кезеңде 300–400 жұмыс орнын, ал толық қуатқа шыққан кезде – 1200 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Толық қуаты – жылына 1,1 млн. өнім өндіруге кəсіпорын 2025 жылға қарай шығуы тиіс. Қазіргі уақытта мұнда тұрмыстық техниканың әртүрлі түрлерін жасау үшін өндірістік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Біз зауыттың әкімшілік шаруашылық бөлімінің бастығы Аман Токишевпен тілдестік.

«Бұл зауыт туралы мен өзімнің танысымнан естіген болатынмын. Саран қаласындағы РТБ ауданында тұрмыстық техника өндіретін жаңа зауыт ашылып жатыр. Зауытқа жаңа жұмыскерлер керек екен деген жаңалықты ести салысымен мен осында келіп, жұмысқа орналастым. Атқаратын қызметім әкімшілік шаруашылық бөлімінің бастығы.

Менің функционалдық міндетім – шаруашылықты жөндеу, құрылыс жұмыстарын қадағалау, кәсіпорын аумағын жақсарты, аумақты тазалықта ұстауды ұйымдастыру болып табылады. Жасап жатқан жұмысым өзіме ұнайды. Айлығым да жақсы. Тегін асханасы бар. Бұған дейін де осыған ұқсас қызметте жұмыс жасағанмын. Сондықтан бұл жерде жаңа жұмыс орнына үйренісіп кету маған аса қиынға соқпады. Дегенмен әр жұмыстың, әр жердің өзінің бір бөлек қыр-сырлары болады ғой. Бірақ мен білгенімді қолданып, білмеген тұстарым болып жатса, үйренеміз деп айтқым келеді», - дейді зауытта әкімшілік шаруашылық бөлімінің бастығы болып қызмет атқаратын Теміртау қаласының тұрғыны Аман Сағындықұлы.

 

 

 

 

 

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор