Бүгін: 27.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қай қоғамды алып қарасақ та, анадан ардақты, анадан асыл ешкім жоқ. «Сенің анаң – алтын, менің анам – алтын» деп ұдайы аузымызда жүрген, жадымызда жатталған әдепкі әннің сөзімен айтсақ, бәріміздің анамыз алтын екеніне шәк келтіре алмаймыз. Алайда қоғам болған соң әркімнің өзіне лайық қадір-қасиетімен қоса материалдық игіліктермен өлшенетін әлеуметтік мәртебесі де болады.

Қоғамның басты байлығы бала деп білсек, осы байлығымызды молайтып, ортамызды толтырып, ұлт ұпайын түгендеп жүрген алтын құрсақты аналарымыз бар. Қоғамдық құндылықтардың негізін нығайта түсетін ондай аналарымыздың мәртебесін шын мәнінде алтынмен астастырып бекітіп, «алқамен» марапаттаймыз. Бұл атақты алған аналарға көптеген әлеуметтік жеңілдікпен қоса, жәрдемақылар қарастырылған. Бұған қоса дәрежесіне қарай «Ана даңқы» ордені, «Батыр ана» атағы,»Алтын алқа» һәм «Күміс алқа» сынды марапат түрлері бар. Жыл өткен сайын мұндай деңгейдегі аналарымызға көрсетілетін сый-құрметтің, қаржылай қолдаудың көлемі артып келеді. Бұл оң үрдіс қай жағынан да орынды. Өйткені халық санының артуына стратегиялық маңыз беріліп отырған қазіргі кезде көп балалы ана­арға қандай құрмет көрсетілсе де, артықтық етпейді.

Осы орайда қараша айының 22 жұлдызында қала әкімі Еркін Баулықов алты балалы алтын құрсақты ана Самал Байболованы қабылдап, «Күміс алқа» мемлекеттік наградасын салтанатты түрде табыстады.

«Ана – күштінің күштісі, мықтының мықтысы, ерекше құдіреттің иесі. Жер бетінде қанша адам болса, солардың әрқайсысы «Ана» деген құдіретті сөзге өзінше жаңа, тың мағына береді. Ана мен бала арасындағы махаббатты, сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Қандай әдемі сөз айтсақ та, ананың баласына деген шексіз ықыласын, риясыз көңілін сипаттап бере алмайтындаймыз.

Ендеше осынау ұлы есімді үлкен жауапкершілікпен арқалап, халық санын көбейтуде, бала тәрбиесінде үлкен үлес қосып жүрген өзіңізге алғыс айтамын. Кеудеңізге таққан күміс алқа құтты болсын. Балаларыңыздың қызығын көріп, бақытты, баянды ғұмыр кешуге жазсын», – деп тілек білдірді көп балалы анаға қала әкімі Еркін Енглисұлы мемлекеттік награданы салтанатты табыстау рәсімінде.

Самал Оралқызы Қарқаралы ауданына қарасты Бесоба ауылының тумасы. Отағасымен осы Саран шаһарына қоныс аударғанына биыл 11 жыл болыпты. Алты баланы тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана үй шаруасында.

Ал жұбайы һәм көп балалы әке Қуаныш Рахимберлин «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамында автокөлік тиегішінің жүргізушісі болып еңбек етеді. Ерлі-зайыптылардың отау құрып, бақытты отбасы иелері атанып отырғандаырна биыл 12 жыл толса керек.

«Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. «Әр баланың өз несібесі бар» деген. Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды», – дейді марапат төрінен көрінген алтын құрсақты ана Самал Байболова.

 

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор