Бүгін: 27.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қараша айының 21 жұлдызында Саран қаласының жастар ресурстық орталығы мен  Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» студенттік парламентінің бірлесе ұйымдастыруымен қалалық мәдениет үйінде «Күзгі балл» кеші болып өтті.

Колледждің түрлі мамандықтар бойынша оқитын студенттерінен құралған 7 қатысушы таныстыру, күзгі сән үлгісі, үздік өнер сайысы бойынша бақтарын сынады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара жастардың шығармашылық, креативті әлеуетін ашуды көздейді.

– «Барлық оқу ордаларынан тек талапты да талантты сұлу қыздары қатысып жатыр. Әр қатысушыға арнайы дайындалған сыйлықтарымыз да бар. Басты мақсат жас дарындарды іздеп табу. Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Сондықтан да осы шараның жастарға берер тағылымы мол деп есептеймін», – деді Саран қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Дидар Нықаш.

Ал Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» студенттік парламентінің жетекшісі Әлішер Манаш: «Бүгінгі шара қалалық жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен өткізіліп жатқан жайы бар. Қатысушы ару қыздарымыз тақырып төңірегінде ойланып, сахнаға ерекше бір көрініс алып шығуға талпынды. Өнер додасында кімнің асығы алшысынан түсетінін, әрине, сайыс соңында көре жатармыз. Қалай болғанда да, мұндай кештерді жоспарға сәйкес өткізіп тұрамыз. Ондағы мақсат - жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды парасаттылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу. Жас ұрпақтың бойындағы ізденісін дамыту мен күз кереметін ұғындыру», - деді өз сөзінде.

Жалпы аталғаніс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Тек биылғы жылғы ерекшелік, жеңімпаздар әділқазылар алқасының шешімі бойынша  емес, көрермендердің қошеметі арқылы анықталуында.

Иә, молшылық пен берекенің мезгілі болып саналатын күз, расында да, мерекеге толы. Қалалық мәдениет үйінде өткен «Күзгі бал» кеші осы сөзімімізге дәлел. Жылдағыдан өзгешерек форматта ұйымдастырылған кешке Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі мен Саран техникалық колледжінің студент қыздары қатысты.

Байқау қатысушылары өзін-өзі таныстыру, ән, би, күзгі сән үлгісін көрсету және қолөнер туындыларын жасау сынды сындардан өтті. Өнерлі де шебер арулар сынына келген үміткерлер әр бөлімде өздерін жақсы қырларынан көрсете алды.

Өздерінің біліктілігін, талғамдарының жоғары екендігін дәлелдей білген жастар сайысы көрермендерге де ерекше көңіл-күй сыйлады.

Жастарды біліммен қатар өнерге баулитын, жауапкершілік, ұқыптылыққа тәрбиелейтін шарада бірге оқитын қатарластарының да бірлігі, қолдауы да маңызды болды. Өнерсіз жас болмайтынын ескерсек, мұндайда бастысы шараға тыңғылықты дайындалу. Сонымен қатар, мұндай байқаулар сахна мәдениетіне үйретіп, үлкен жетістіктерге жол ашады.

Шара барысында кеш көрермендері арасында да қызықты ойындар мен сайыстар ұйымдастырылып, жеңмпаз атанғандарына Жастар ресурстық орталығының атынан түрлі естелік сыйлықтар табысталды.

Қазіргі қазақ қыздарының жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастырып, ұлттық тәрбиеге лайықты сұлу болмысын танытуға бағытталған байқауда өздерінің біліктілігін, талғамдарының жоғары екендігін дәлелдей білген жастар сайысы көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Арулар сөз мәдениетін танытып, ұлттық киімдер үлгісі мен өнерін, білім деңгейін көрсетті. Ұлттық дәстүр мен мәдениетті, әдет-ғұрыпты бойына жинақтаған зерделі де зерек арулар қоғамдағы қазақ қыздарының рөлі туралы ойларын жеткізді. Шығармашыл жастардың өнері, қиял-ой ұшқырлығы дәл осы сайыста анықталды.

Байқау соңында қарсыластарынан қара үзіп, озық шыққан Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Перизат Картаева жеңімпаз атанды.

«Ұйымдастырушыларға осындай шара өткізіп жатқандарына шексіз алғыс білдіремін. Сонымен қатар, мені қолдап-қолпаштап, осы Күзгі бал кешінің аруы атануыма дауыс берген барлық көрермендер мен бір топта оқитын қатарластарыма да үлкен рахметім мен ризашылығымды айтқым келеді. Қатысушылардың барлығы да сұлу, барлығы да жақсы дайындықпен келгенін өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Мен де бар өнерімді, білімімді салып бақтым. Бұл жерде «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді қазақ атамыз. Бүгін менің айымның оңынан туылған күні болды деп есетеймін. Көрермендердің көп дауысы мені таңдады. Сондықтан бәрі әділетті болды деп есептеймін. Барлықтарына рахмет», - деді Күзгі бал кешінің аруы атанған Перизат Картаева.

Сонымен қатар, барлық қатысушылар Жастар ресурстық орталығының атынан бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Осылайша ғажайыпқа толы күздің соңғы күні шаһардың мәдениет һәм жастар саясаты саласындағы қазіргі қазақ қыздарының жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастырып, ұлттық менталитетімізге лайықты сұлу болмысын, бүгінгі рухани келбетін дәріптеу, ұлт дәстүрі мен мәдениетін, әдет-ғұрыптарын бойына жинақтаған ақылына көркі сай парасатты қыздарымызды халыққа таныту, оларды тілі мен дінін, ұлт руханияты мен мәдени мұраларды құрметтеуге, сақтауға тәрбиелеу, ұлтымыздың әдебиеті мен өнерінен сусындаған зерделі де зерек аруларымыздың кескін-келбетін айшықтау, қоғамдағы қазақ қыздарының белсенділігін арттырып, шығармашылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған ауқымды шарамен аяқталды.

 

 

 

 

     

  

  

  

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор