Бүгін: 27.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек. Ізгіліктің айнасы болған қайырымдылық адамның асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Сондай-ақ, адамның айналасындағыларға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынасын білдіретін ерекше құндылық.

Ал, осындай ізгілікті іс халыққа қызмет етіп отырған халық қалаулыларының атымен жасалып жатса, тіпті керемет емес пе?!

Жомарт жандардың ортамызда көп болғаны қуантарлық жағдай. Игі істің басы қасында жүрген сарандық бір топ депутат көптің ізгілігіне бөленді.

Жүзіне немесе шыққан тегіне, руына қарамай жарлыларға жақсылық жасауға жандары құмартып тұратын жандар сауабы мол қайырымдылық шарасын өткізді.

Өткен аптадағы қасиетті жұма күнінде Саран қалалық мешітінің имамы Нұржігіт Оразалыұлының ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтіп, игі іс аясында 18 отбасыға азық-түлік үлестірді.

«Мына қасиетті жұма күні осындай бір игі шара ұйымдастыруды Алла тағала бізге нәсіп ектен екен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әр жыл сайын, ай сайын халықтың белгілі бір тобына осылай жәрдемін беріп жататын жайы бар. Оған қоса мына «Зекет» қоры бар, сонымен қатар халықтың беріп жататын садақасы бар дегендей, міне солардан жиналған қаражаттан кейде осындай қайырымдылық шараларын ұйымдатырып тұрамыз.

Осыған орай міне, бүгін де Саран қалалық мешіті «Аманат» партиясының Саран қалалық филиалын мен жергілікті депутаттармен бірлесіп, қайырымдылық шарасын өткізіп отыр. Сол себепті де Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын дейміз. Мына «Аманат» партиясының Саран қалалық филиалының төрағасы Нұргүл Тәжібаева апайымызға, Саран қалалық мәслихатының депутаттары Қазбек Ибраев, Төлеу Рублев, Сымбат Бекмағанбетов ағаларымызға шексіз ризашылығымызды білдіріп, Аллаһ тағала ел мүддесі мен халыққа жасап жатқан қызметтік жолдарында күш қуат берсін деп тіледік. Осы бір біздің бірлескен ықыласымызды, ниетімізді Алла Тағала баршамыздан қабыл алсын дегіміз келеді», - дейді Саран қалалық мешітінің бас имамы Нұржігіт Оразалыұлы.

Акция аясында әлеуметтік көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі, зағип жандарға, көп балалы және жалғыз басты аналарға қолдау «Аманат» партиясының Саран қалалық филиалының төрағасы Нұргүл Тәжібаева мен Саран қалалық мәслихатының депутаттары Қазбек Ибраев, Төлеу Рублев, Сымбат Бекмағанбетовтың мұрындық болуымен жүзеге асты.

Атап айтқанда, «Аманат» партиясының Саран қалалық филиалының төрағасы мен жергілікті депутаттар әлеуметтік жағдайы төмен 18 отбасына азық-түлік тарату бойынша Саран қалалық мешітінде өткен қайырымдылық шарасының өтуіне демеушілік жасады.

«Саран қалалық мәслихатының «Аманат» партиясы фракциясының депутаттары және тігін өнеркәсібі саласында қызмет етіп жүрген өзіміздің жергілікті «AROS Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы шаһардағы мұқтаж жандарға көмек жасауға мақсат қойып, осындай игі шараға ат салысып жатырмыз. Яғни, осы қаладағы әлеуметтік көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі, зағип жандарға, көп балалы және жалғыз басты аналарға азық-түлікпен қамтамасыз етуге қол ұшын созып отырмыз. Оның ішінде, әр отбасыға ұн, макарон өнімдері, пияз, картоп, қант, сұйық май және тағы сол секілді күнделікті тұтынуға қажет тағам өнімдері қамтылған. Біз осыған дейін де мұндай қайырымдылық акцияларын жасап келеміз және аталмыш игі іс одан әрі де жалғасын таба бермек», - дейді Саран қалалық мәслихатының депутаты Сымбат Бекмағанбетов.

Ата-бабамыздан қалған асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық қағидаттары күндердің сұлтаны, қасиетті жұма күнінде жарқын көрініс тапты.

 

 

  

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор