Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Үстіміздегі жылғы қараша айының 23 мен 24 жұлдызы аралығында Саран шаһарында қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою күштерін даярлау мақсатында «Қыс-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.

«Сұңқар» стадионының сол жағында орналасқан аумақта ұйымдастырылған оқу-жаттығу жұмыстарының I-кезеңіне қала әкімі Еркін Баулықов пен Саран қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко, Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар штабының бастығы Ғалымжан Шалаев және әр саланың жауапты мамандары қатысып, қаланың азаматтық қорғау қызметтеріне саптық қарау жұмыстарын жүргізді.

Саптық қарау жұмыстары барысында шаһар басшысы Еркін Энглисұлы негізгі күш-жігердің шоғырлануын ескере отырып, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге, бірінші кезекте адамдарды іздеуге және құтқаруға, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қауіпті жерлерден жылыту пункттеріне, жақын маңдағы елді мекендер мен емдеу мекемелеріне эвакуациялауға ерекше назар аударды.

Ал республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының ІІ-кезеңі шаһардағы Жапон аймағы деп аталатын мекенжай мен Макаренко көшесінде арнайы тактикалық оқу-жаттығулары өтті.

Жалпы аталған оқу-жаттығу мынадай сценаримен өрбіді: қалың қар жауып, ауы райының күрт бұзылуына байланысты «Шахан» қосалқы стансасындағы 17 фидердің ажыратылуы салдарынан 2-су көтергіштің жұмысы тоқтатылады. Сол себпті Саран шаһарына су беру тоқтатылып, 11 мың қала тұрғыны ауыз сусыз қалады.

Апатты жою үшін төтенше жағдай орын алған жерге құрамында Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінен 3 адам мен 1 бірлік техника, № 24-өрт сөндіру бөлімінен 8 адам мен 2 бірлік техника, Саран қаласы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінен 10 адам мен 2 бірлік техника, медициналық қызметтен 3 адам мен 1 бірлік техника, «Саранкоммунсервис» ШЖҚ КМК 2 адам мен 1 бірлік су тасушы техника, «Қарағанды-Жарық» ЖШС Батыс ЭЖА 3 адам мен 1 бірлік техника, байланыс қызметінен 3 адам мен 1 бірлік техника, жолдар мен көпірлер қызметінен 10 адам мен 3 бірлік техника жұмылдырылған авариялық - құтқару қызметтері мен құрылымдары жіберіледі.

Орын алған төтенше жағдайды жою барысында аталған авариялық - құтқару қызметтері және құрылымдармен келесідей жұмыстар жүргізілді: қалалық төтенше жағдай бөлімінің бастығы төтенше жағдайды жою жұмыстарын сауатты басқарып, өз назарында ұстаса, төтенше жағдай бөлімінің бас маманы аталған дағдарысты жағдайды басқару туралы қала әкімдігіне тұрақты баяндап отырды. Саран қаласы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі Саран-Шахтинск тас жолы бойындағы резервтік фидерге қосатын жолды қоршауға алады. Ал энергия қызметі электр жеткізу желісіндегі әуе желісін тексерсе, медициналық қызмет алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайындық режимінде болды. «Қарағанды жарық» ЖШС Батыс ЭЖА Саран учаскесі сорғы станциясын қоректендіретін әуе желісінде резервтік фидерді қосу жұмыстарын, ал сумен жабдықтау және су көздерін қорғау қызметі ұңғыманы және сумен жабдықтау құбырын тексеру жұмыстарын жүргізді. Байланыс қызмет і- қызметтер арасындағы байланысты ұйымдастырса, № 24- өрт сөндіру бөлімі қала қазандықтарына су тасымалдау жұмыстарын қамтамасыз етті. Осылайша авариялық - құтқару қызметтері мен құрылымдардың апатты ауыздықтау бойынша бірлесе атқарған жүйелі жұмыстарының нәтижесінде орын алған төтенше жағдай жойылды.

Ал екінші оқу-жаттығу келесідей сценаримен өрбіді: қатты жел мен қардың салдарынан электр желілері үзіліп, Саран қаласы Макаренко көшесі мекенжайы бойынша электр қуаты апатты түрде сөніп қалады, оған қоса қазандықтың жылыту қазандығы істен шығып, жарылыс қаупі туындайды.

Төтенше жағдай орын алған ауданға Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №24 өрт сөндіру бөлімі, Саран қаласының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі, медициналық қызмет, жолдар мен көпірлер қызметі, «Қарағанды жарық» ЖШС Батыс ЭЖА Саран учаскесі, сумен жабдықтау және су көздерін қорғау қызметі жіберіледі.

Төтенше жағдайды жою барысында аталған авариялық - құтқару қызметтері және құрылымдармен келесідей жұмыстар жүргізілді: қалалық төтенше жағдай бөлімінің бастығы төтенше жағдайды жою жұмыстарын сауатты басқарып, өз назарында ұстаса, төтенше жағдай бөлімінің бас маманы аталған дағдарысты жағдайды басқару туралы қала әкімдігіне тұрақты баяндап отырды. Дәл осы уақытта Саран қаласы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі Макаренко көшесінде орналасқан қазандықты қоршауға алады, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №24 өрт сөндіру бөлімі қазандықтың металл конструкциясын салқындату жұмыстарын жүргізді, медициналық қызмет алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайындық режимінде болады, сумен жабдықтау және су көздерін қорғау қызметі аварияны жою жұмыстарын жүргізсе. «Қазақтелеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметтер арасындағы байланысты ұйымдастырады.

Төтенше жағдайды жою жұмыстары толық көлемде пысықталды, жүргізілген жұмыс туралы хабарламалар Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабына жолданды. Оқу-жаттығуларға  қаланың барлығы 13 азаматтық қорғау қызметі, жеке құрамның 58 адамы және 29 бірлік техника және қала ұйымдарынан 10 адам жұмылдырылды. Осылайша, оқу-жаттығу барысында тосыннан келетін төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар пысықталды.

 

 

 

 

  

  

 

Шапағат ШАРАПАТҰЛЫ

Суретті түсірген автор