Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Сондықтан елдігімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы – тіліміздің мәртебесін көтеру. Мемлекеттік тіл өз мәртебесіне толыққанды ие болуы үшін ол тілді таңбалайтын мемлекеттік алфавит болуы тиіс.

Әсіресе, шынайы мемлекеттік мәртебеге көтерілу жолында түрлі объективті және субъективті кедергілерге кездесіп отырған қазақ тілі үшін өзі таңбаланатын әліпбиінің тұрақты болуы - бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

2018 жылы бекітілген латын әліпбиі көпшіліктің тарапынан көптеген сынға ұшырады, диграфтардың қолданылуына байланысты кейбір сөздерді оқу мен жазуда қиындықтар кездесті.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әліпбиде кемшіліктер бар екенін көрсетіп, бекітілген әліпбиді жетілдіруді тапсырған болатын.

Қасым-Жомарт Кемелұлы әліпбиді пысықтау қажеттігін айтқан сәттен бастап осы жұмысқа жауапты «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығына еліміздің түкпір-түкпірінен латын әліпбиінің көптеген нұсқалары келіп түсті.

Көпшіліктің пікірін, ғалымдардың ұсыныстары мен дәлелдерін саралай келе, халықтың назарына латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жетілдірілген нұсқасы ұсынылды.

Осыған орай Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Тілдерді дамыту ортылығының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиіне көшу – өркениет биігіне көтерілу» атты қалалық семинары өтті.

Семинарға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, колледж және мектеп мұғалімдері, аудармашылар мен іс-қағазға жауапты мамандар қатысты.

Семинарды Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесінің тілдер жөніндегі бас маманы – Жупенова Динара Тәрбиеқызы ашып, латын әліпбиінің тиімділігі жөнінде айтты.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облысы бойынша Саран қалалық филиалының төрағасы – Жарылғапова Береке Өмірзаққызы емле ережелерін түсіндірсе, Қарағанды облысы «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры – Смықова Әсия Даниярқызы латын әліпбиінде жазу дағдыларын дамыту мақсатында практикалық жұмыстар жүргізді.

Қаламыздың ұстаздар қауымы, тілге жауапты мамандары жетілдірілген әліпби жобасы бойынша сұрақтар қойып, семинарда пікір алмасты.

Семинар соңында арнайы шақыртумен келген спикерлер алғыс хатпен марапатталып, қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Д. Жупенова,

Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі  мемлекеттік мекемесінің тілдер жөніндегі бас маманы