Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының төрт балуаны грек-рим күресінен U-17 жасөспіремдер арасындағы Қарағанды облысының Чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

30 қаңтар күні Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде грек-рим күресінен U-17 жасөспіремдер арасындағы Қарағанды облысының Чемпионаты өтті. Оған Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Балқаш қалаларынан және Абай, Бұхар жырау, Қарқаралы аудандарынан сегіз команда қатысқан.

Биыл салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған дүбірлі додаға арнайы бекітілген ережеге сәйкес тек 2007-2008 жылы туған жасөспірім балуандар мен ата-анасының рұқсатын алған 2009 жылғы жас спортшылар ғана бақтарын сынаған.

Сол күні өздерінің қайтпас қайсарлығымен қарсыластарын жеңуге бар күш-жігерін салған тоқсанға жуық спортшы боз кілемнің шаңын шығарып, он салмақ бойынша белдескен. Олардың арасында айы оңынан туған спортшыларымыз да жоқ емес.

Саран қаласының намысын қорғаған 45 келі салмақ дәрежесінде Ильяс Ибрагимов, 60 келі салмақ дәрежесінде Ислам Каппасов, 71 келі салмақ дәрежесінде Қайсар Даулетбай және 92 келі салмақ дәрежесінде Нұржан Асанов қарсыластарынан оза шауып, жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстан Республикасының Чемпионатына бір табан жақындай түсті. Одан бөлек 65 келі салмақ дәрежесінде Нұртілек Маратұлы жақсы нәтижемен 3-орынды иеленді.

 Сондай-ақ, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер  Қарағанды облысының дене шынықтыру және  спорт басқармасының «Бұқаралық және балалар спортын дамыту орталығы» КММ-нің мадақтамалары мен медальдарымен марапатталды. Жерлестерімізге алда өтетін жарыста сәттілік тілейміз!

 

Дина Әбдіғалиева